Алматыда жылқы жүр. Полиция иесін анықтап жатыр

92
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2wst4En6RDpC9LDO50nnS8svRCscGoHmOHbz6Z46.jpg

Алматы қаласында тұрғындар көшелермен еркін жүрген бір үйір жылқыны байқады. Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды "Адырна".

Әлеуметтік желідегі жазба авторының айтуынша, жылқылар Шаляпин және Береговой көшелерінің қиылысында көрінген. Жануарлар жолды өз бетімен кесіп өтіп, Саин көшесі бағытына қарай бет алған. Куәгер қаладағы көлік қозғалысының қарқынды екенін атап өтіп, жылқылардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген.

Видео авторының сөзінше, ол жылқыларды таңғы серуен кезінде байқаған. Оның айтуынша, жануарлар тротуармен бір бағытта, бірінің артынан бірі қозғалған. Куәгер жылқылардың көлік соғу қаупіне ұшырауы мүмкін екенін айтып, бұл жағдайдың қауіпті екенін жеткізді.

Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланды. Кейбір пікір білдірушілер бұл жағдайды қала маңындағы өз бетінше мал жаюмен байланыстырса, енді бірі бұрын бұл аумақтарда мал жайылғанын еске алды. Сондай-ақ кейбір қолданушылар жылқылардың түнгі уақытта да қала көшелерінде жүргенін хабарлады.

Жылқыларды кейінірек Яссауи мен Жандосов көшелерінің қиылысында, көліктер қозғалысы арасында да байқаған.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 102 пультіне қала аумағында жануарлардың жүргені туралы хабарлама түскен. Ақпаратты тексеру үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілген. Жануарлардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.

Қазіргі уақытта Наурызбай аудандық полиция басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жылқылардың иесі анықталып, заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады. Полиция өкілдері бақылаусыз мал жаюдың қала тұрғындары мен жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіп төндіретінін ескертті.

Comments