Эвакуатордағы электрокар. Құтқарушы министрлікте қымбат көлік бар

324
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5LwkK9V3M7Iai607wZROdOA61xwdDL8PozPulVdP.webp

Қазнетте Төтенше жағдайлар министрлігінің белгісі бар Tesla Cybertruck көлігінің эвакуаторға тиеліп бара жатқан видеоға тарады. Министрлік бұл жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін желі қолданушылары мұндай қымбат автокөліктің министрлікке не себепті керек болғанын біле алмай әлек болған еді. ТЖМ Tengrinews.kz порталына берген жауабында материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңартып жатқанын мәлімдеді.

«Материалдық-техникалық қамтамасыз ету аясында ТЖМ бөлімшелері үшін заманауи құтқару техникасы мен құрал-жабдықтарды енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде»,-делінген хабарламада.

Көлікті негізінен Алматының таулы аймақтарында және оған іргелес жерлерде пайдалану жоспарланып отыр, өйткені дәл осы жерде шақырулар саны ең көп тіркеледі.

«Бұл тікелей құтқару қызметінің дайындық деңгейі мен жедел әрекет ету жылдамдығына әсер етеді»,-деп атап өтті министрлік.

ТЖМ мәліметінше, Tesla Cybertruck келесі міндеттерде қолданылуы мүмкін:

• құтқару бөлімшелерін жедел жеткізу;

• табиғи және техногендік төтенше жағдайларға әрекет ету;

• авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;

• зардап шеккендерді, соның ішінде шұғыл медициналық көмек қажет туристерді эвакуациялау.

Сондай-ақ министрлік Алматының таулы аймақтары құтқарушылар үшін жүктемесі жоғары аймақ болып қала беретінін айтты.

Айта кетейік, Tesla Cybertruck – толықтай электр қуатымен жүретін, жол талғамайтын көлік. Ол жоғары корпусымен, жүк көтергіштігімен және экстремалды жағдайларға төзімділігімен ерекшеленеді. Tesla компаниясының ресми сайтында модельдің бағасы конфигурациясына байланысты өсетіні айтылған. Қазіргі таңда Kolesa.kz сайтында 2025 жылы шыққан толық жинақтағы модельдің бағасы 120 млн теңге деп көрсетілген.

Comments