Ашық кеңістікке 8 рет шыққан рекордшы ғарышкер

476
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OKpvbRS0xl7eKPKW4OHVYqOKyu4AXMxT4hSKBhpR.jpg

Бүгін — Халық қаһарманы, ашық кеңістікке 8 рет шыққан рекордшы ғарышкер Талғат Мұсабаевтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ол Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын “Авиациялық радио жабдықтарын техникалық пайдалану” мамандығы бойынша, Алматыдағы армияға, авиация мен флотқа жәрдемдесу ерікті қоғамының аэроклубын, сондай-ақ Ақтөбе азаматтық авиациясының жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдаған.

Диплом алғаннан кейін бір жыл Боралдай азаматтық авиация отрядында радио жабдықтар инженері болып жұмыс істеген. 1975 жылдың қаңтарында Алматыдағы Комсомол комитетінің босатылған хатшысы болып сайланған. Кейін Қазақ азаматтық авиация басқармасында нұсқаушы, аға нұсқаушы болып еңбек еткен. 

1986 жылы ғарышкер ұшыру бағдарламасы аясында медициналық комиссиядан өте бастаған, бірақ жоба жалғасын таппаған. 1987 жылдан Ан-2 ұшағының екінші пилоты, 1989 жылдан командирі болып қызмет еткен.

1988 жылы қайтадан медициналық тексеруден өтіп, арнайы дайындыққа рұқсат алған. 1990 жылдың мамырында ғарышкерлер құрамына ұсынылған. Сол жылдың қазанында Ғарышкерлерді даярлау орталығына жіберіліп, жалпы ғарыштық дайындыққа кіріскен. 1991 жылы наурызда «ғарышкер-сынақшы» кандидаты лауазымына бекітілген.

Талғат Мұсабаев - қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкері. 8 рет ашық космосқа шығып, онда жиынтығы 43 сағат 46 минут болған. Сондай-ақ ол ғарышқа Қазақстан туын алғаш рет алып шыққан және орбитаға Құранды жеткізген ең алғашқы және әзірге жалғыз ғарышкер болды. Өзінің айтуынша, қасиетті кітапты ғарышқа одан бұрын да, кейін де ешкім апармаған.

Талғат Мұсабаев 1995 жылы "Халық қаһарманы", "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы", 1998 жылы "Отан" және бірінші дәрежелі "Барыс" орденін, 1999 жылы "Астана" медалін алған. Одан бөлек, Ресей Федерациясы тарапынан 1991 жылы "Халықтар достығы" орденін, 1994 жылы "Ресей Федерациясының қаһарманы" мен "РФ ұшқыш-ғарышкері", 1998 жылы екінші және үшінші дәрежелі "Отан алдындағы еңбегі үшін" марапаттарын иеленген.

Әр жылдары Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттінің төрағасы, президент кеңесшісі, парламент сенатының депутаты болып қызмет атқарған.

Біртуар тұлға 2025 жылдың 4 тамызында 74 жасында өмірден озды.

Comments