«Кеттің бе, қайырылма» деген қағиданы «кеттің бе, қараңды батыр» деп жалғастыру – ел үкімі

458
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/48sce6AXdBQoW3xQl7nY8iuKxmDn7gPVIG8uSRnW.jpg

Нұрсұлтан Назарбаев 4 жыл бұрын Путинмен кездескенде осылай сартылдаған фотоаппараттар дауысы бір аптадан кейін Алматыда тарсылдаған автоматтар дауысына айналып, Қаңтар қасіретіне ұласқан еді… Енді міне, тағы да, Путинге барып, пультіне айналуды сұрап отырғаннан сау ма?!

Екі-үш күннен бері барлық БАҚ-та, барша желілерде желдей есіп жүрген ақпарат - экс-президент Назарбаевтың тағы да Мәскеуде Путинмен кездесуі. Ресей сайттары бұл кездесуді қыр көрсету ретінде жаппай жариялап жатыр. Ал әлеуметтік желілерде қазақ қоғамының бұл кездесуді айыптап жатқандарының негізі бар.

Тура осыдан 4 жыл бұрын 2021 жылы 27 желтоқсанда Санк-Петербургте экс-президент Назарбаев Ресей басшысы Путинмен кездескенде осылай сартылдаған фотоаппараттар дауысы бір аптадан кейін Алматыда тарсылдаған автоматтар дауысына айналып, Қаңтар қасіретіне ұласқан еді…

2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбат бергенде Назарбаев туралы айтқан. “Кеттің бе, қайырылма!” деген өткір сөзі қанатты сөзге айналып кетті.

Мен сол кезде депутаттық іс-сапармен Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында қаламгер-қайраткерлермен, ұлт зиялыларымен кездестім. Сонда бәрі Тоқаевтың Назарбаев туралы сөзін қолдады. “Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Назарбаевқа айтқан: “Кеттің бе, қараңды батыр!”- дегені өте дұрыс айтылды. Енді қарасын батыруы керек қой”,- деп ұлт зиялылары түгел құптады.

Кейін мен депутаттық сауалымда “Бұл бүгінгі президенттің бұрынғы президентке айтқан: “Кеттің бе, қайырылма» деген қағидалы сөзін қалың елдің: «Кеттің бе, қараңды батыр» деп жаппай жалғастырып алып кетуі - елдің ескі билікке деген  көзқарасы, айқын үкімі…” - деп халықтың сөзін келтірдім.

Енді міне, тағы да, Путинге барып, пультіне айналуды сұрап отырғаннан сау ма?! Қаңтар қасіретінен кейін қай бетімен қайта-қайта Мәскеуге барып, құлдық ұрып жүр?!

Қазір қайта еске салуға тура келіп тұр, Парламентте тікелей Қаңтар қасіретіне арналған 3 сауал жасадым.

1.2022 жылы 26 қаңтарда - Парламентте Қаңтар қасіретін ең бірінші көтерген, биліктен барлық шындықты ашық айтуды, Парламенттік тыңдауды талап еткен “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жарияладым.

2. 2022 жылы 14 наурызда - Бас прокурордан бастап, барлық құзыретті орган басшысы тізіліп келген Парламенттік тыңдауда: “Қаңтар қасіретін, мемлекеттік төңкерісті жасамақ болғандардың  көсеуі белгілі, көсемі кім? Неге ашық айтылмайды әлі?” деп ел білгісі келіп отырған ең басты шындықты талап еткен сауал жасадым!

3. 2023 жылы 5 қаңтарда - Қаңтар қасіретінің 1 жылдығында мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар, қатаң жазаға тартылуы керектігін, Қаңтар қасіреті құрбандарын - Тәуелсіздікті сақтау үшін құрбан болғандар ретінде  санау туралы депутаттық сауалды жарияладым.

Енді бүгін Мәскеуге, Кремльге есеп беруге тағы жетіп барған экс-президентті көрген соң осы және басқа депутаттық сауалдарым мен парламентте көтерген сұрақтарымда Назарбаевқа қатысты сөздердің біразын  келтіре кетуге тура келіп тұр.

Бүгінгі президенттің бұрынғы президентке айтқан: “Кеттің бе, қайырылма?”- деген қағидалы сөзін қалың елдің: “Кеттің бе, қараңды батыр” – деп жаппай жалғастырып алып кетуі - елдің ескі билікке деген көзқарасы, айқын үкімі.

Қаңтар қасіретінен кейін екі жылдың ішінде “Ескі Қазақстанды” аңсау акциясы болмау үшін Қаңтар қасіретіне басты кінәлілерді түгел қатаң жазалап, "Ескі Қазақстан" отыз жыл тонаған халық байлығын халыққа түгел қайтару керек!  Бұл - халықтың талабы!

Қаңтар қасіретінде мемлекетке зор қауіп төнгенде Қауіпсіздік кеңесі төрағасы Назарбаев баррикаданың қай жағында болды?! Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлтқа қауіпті комитет болғаны қаңтар қасіретінде расқа айналды ма?!

Малайзияда 22 жыл билікте отырған Махатхир Мохаммад қартайған шағында билікке қайтып келсе, ол елін Азия жолбарысына айналдырып, малай халқын маңдайалды марғасқа елге айналдырды. Ал Назарбаев Қазақстанды басқарған отыз жылда, керісіншес қазақ халқын малайға айналдырды...

“Билікте тұрғанда ұрлық қылсаң, ұрпағыңның тағдырымен төлейсің”,-дейді әлемді билеген әйгілі Шыңғыс хан. Біз әлі күнге дейін отыз жылғы биліктің тонауын ел тағдырымен төлеп келе жатырмыз… Шетелдік инвесторлармен стратегиялық қазба байлықтар туралы жасалған құпия келісімшарттардың кесірінен мұнай мұхитынан қазаққа тамшы ғана тамызып, кен-қазына мен газдың үстіндегі елге тезек жаққызып, елдің соңында тезек теріп қалып отырмыз.

Мұнай келісімі Назарбаев үшін зор келісім болғанмен, халыққа қор келісім болды. Еліміздің 55 пайыз байлығын иеленіп отырған 162 олигарх экс-президенттің өзі мойындағандай “қолдарынан сүйреп сотқа апаруға” лайықты болса да, әлі ел байлығын емін-еркін иеленіп отыр… Жаңаөзенде айлығын сұрағаны үшін қанша адам атылып кетті? Мұнайға қосып, қан ағызғандар мұнаймен мұртын майлап, етігімен қан кешіп жүр.

Саяси тапсырыспен болған қастандықтардың бәрін айтпай-ақ, биыл 80 жылдығында ел еске алған заманның ері Заманбекті шындықты айтқаны үшін ғана өзін-өзі өлгенше үш рет “аттырып”, осыған біздің халық сенуі тиіс дегеннен артық ер өлімімен елді қорлау бола ма?!.

«Елбасы» атауы барлық заңнан жойылуы тиіс! «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» деген атау тұңғыш рет бұдан ширек ғасыр бұрын, 2000 жылы 20 шілдеде парламентте 18 минутта қабылданған. Ал 2023 жылы 11 қаңтарда Парламенттің VII шақырылымында біз «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы заңның» күшін жойғанбыз. Ол 2023 жылы 13 ақпанда күшіне кірген. Кейін қабылданған заң бұрынғы заңның күшін жояды. Ендеше «Тұңғыш Президент – Елбасы» деген атаудың да заң бойынша күші жойылуы керек?!. Сондықтан барлық заңдардан, барлық жерден «Тұңғыш Президент – Елбасы» деген атау жойылуы тиіс!

Ауылды қанап, жерді талап, бір де бір өндіріс орнын ашпай, өтірік зауыттардың тұсауын кесіп шерулету шерлі халықтың маңдайына жазылған сор болды.

Ұлттық идеологиядағы ұлттық мүддемізді, тілімізді құрдымға таяп қойған рухани шығын экономикадағы ұрланған триллиондарды жүз орап алады. Экономикалық шығынның орнын толтыруға болады. Отыз жыл ойран болған ұлттық-рухани идеологиядағы банкроттықты ешқандай қаржы мен қазына қайтара алмайды.

"Шал, кет!" деген басты ұранды"Шал, кел!" деп басқа ұранға өзгерту - Кеңес одағын қайтарғысы келумен бірдей! “Ескі Қазақстанды" қайтарғысы келетіндердің жүрегі де, басы да жоқ, себебі бұл ешқандай мүмкін емес!

Таңнан кешке дейін талмай "жер төртбұрышты" дей берсе, бірте-бірте ел соған сене бастайтыны туралы тәжірибе бар. Сондықтан “Ескі Қазақстанды” насихаттайтын күмәнді ақпараттық манипулияцаларға тоқтау салу керек!

“Әділетті Қазақстан” қағидасын қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзіне асыруда бәріміз өз үлесімізді қоса берейік! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Жаңа жыл Жақсылық жылы болғай! Көк туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! Жылқы жылы аламанда ақ маңдайымыз жарқырап, алда келе берейік! Алла жар болып, жұлдызымыз жарқырай бергей! Әрдайым ақ жол тілеймін!

P.S.  Мақаланың өзін оқымай-ақ тақырыбын көріп, “бұрын неге айтпағансыңдар” деп тақ ете қалатындарға айқын мәлімет:

Назарбаевтың қылышынан қан тамып тұрған 2007 жылы 27 тамызда республикалық “Қазақ үні” газетінде “Елбасыға ел сенімі біткен сайлау болды” деген мақалам шыққан. Сайтымызда тұр, скрині осы интернетте тарап кеткен! Онда биліктің әділетсіз сайлаудағы “Қырық бір қиянаты” мен “Назарбаев өтірік сайлаудың арқасында кімнің орнында отыр?” деген басты халық сауалы қойылады.

Қазыбек ИСА

Comments
Other materials