Автобустағы жанжал. Ер адам 18 жастағы жігіттің аяғына пышақ сұғып алды

123
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NA36SpQw9F0AoYBFnzr7HpZajK2tAkJv0dmi9UYy.jpg

Теміртауда ер адам автобуста 18 жастағы жігіттің аяғына пышақ сұғып алды. Қоғамдық көліктегі қанды жанжал туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды "Адырна".

Алдын ала мәлімет бойынша, бәрі жанжалдан басталған: екі жолаушы автобустағы терезе желдеткішін ашуға байланысты сөзге келген. Дау төбелеске ұласқан. Куәгерлер полиция мен жедел жәрдем шақырған.

Оқиға орнына келген полиция жасағы 30 жастағы күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер Теміртаудың 18 жастағы тұрғынының аяғына пышақ сұғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Қазір болған оқиғаны объектив және жан-жақты тергеуге бағытталған барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Агрессия мен зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі қатаң түрде тоқтатылатын болады. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады", — деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, бұл істің тергеуі полиция департаментінің бақылауында.

Бұған дейін Астанада автобуста жолаушылар арасындағы сөз жүзіндегі жанжал төбелеске ұласқаны хабарланған еді. Төбелестің видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

Comments