Тоқаевқа хат жазған француз актрисасы Брижит Бардо өмірден өтті

162
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fizIjAkryqgltQCwB2SnlTx2YDi69bj08P7nkXKp.webp

92 жасқа қараған шағында француз актрисасы Брижит Бардо дүниеден озды. Қайғылы хабарды француз бұқаралық ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды "Адырна".

L’Humanité газетінің мәліметінше, әйгілі актриса Францияның Жерорта теңізі жағалауындағы ірі қаласы — Тулонда көз жұмған. Қараша айында БАҚ оның осы қаладағы жекеменшік клиникалардың біріне жатып, операция жасалғанын хабарлаған болатын.

Брижит Бардо — француз актрисасы, әнші, модель, жануарлар құқығын қорғаушы белсенді, 1950–1960 жылдардағы стиль иконасы.

Ол 15 жасында Elle журналының мұқабасына шығып, 18 жасында кино саласында дебют жасады. Ал әлемдік даңқ оған режиссер Роже Вадимнің «Құдай… әйелді жаратты» (1956) фильміндегі рөлі арқылы келді. Бұл туындыдағы еркін әрі сезімтал әйел бейнесі көрермендерді таңғалдырды әрі тәнті етті.

Брижит Бардо шамамен 50-ге жуық фильмге түскен. Олардың қатарында «Ақиқат» (1960), «Менсінбеу» (1963) және «Вива Мария!» (1965) картиналары бар.

1973 жылы, 39 жасында, ол актерлік мансабын аяқтап, өмірін жануарларды қорғау ісіне арнады. 1986 жылы Брижит Бардо қорын құрып, итбалықтарды аулауға және жануарларға қатыгездік көрсетуге қарсы күресті.

2021 жылдың желтоқсанында Бардо Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, жануарларды қорғау туралы заң жобасындағы бір бапты алып тастауды сұраған.

Ал 2019 жылдың желтоқсанында актриса Қазақстандағы жануарларға жасалып жатқан қатыгездікке қатысты Президентке шағым жолдаған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев актрисаға жауап беріп, мемлекеттің бұл мәселеге назар аударып, өзін мейірімді ұлт ретінде көрсетуі керектігін, тек балаларды ғана емес, жануарларды да қорғау маңызды екенін атап өткен.

 

Comments
Other materials