Қызметкер қазасы. Қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты

52
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Оралдағы перинаталдық орталықтың 50 жастағы қызметкері лифт шахтасына құлап қаза тапқан оқиғаға қатысты сот ісі аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Сот шешімімен перинаталдық орталықтың директоры Жанна Дильманова кінәсіз деп танылып, толық ақталды. Судья оның әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағанын мәлімдеді.

Аталған іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің «қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау» бабымен қозғалған. Тергеу барысында мекеме басшысы қайғылы оқиғаға жауапты тұлға ретінде қарастырылған.

Алайда сот директормен лифтілердің техникалық жағдайына жауап беру міндеті бекітілмегенін анықтады. Оның қызметтік өкілеттігі мекемеге жалпы басшылық жасаумен шектелген. Ал лифтілердің қауіпсіздігі мен техникалық жарамдылығына лицензиясы бар арнайы ұйым жауапты болған.

«Сот Дильманова Жанна Ахметовнаны Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша кінәсіз деп танып, ақтау туралы үкім шығарды. Сондай-ақ оған заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты келтірілген зиянды өтеу құқығы берілді», – деп үкімді Орал қалалық сотының судьясы Айзада Жұмағұлова оқыды.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2021 жылғы 31 желтоқсанда болған. 1971 жылы туған әйел пайдалану мерзімі өтіп кеткен жүк лифтісінің шахтасына құлап, оқиға орнында қаза тапқан. Марқұмның денесін құтқарушылар шығарып алған. Бұған дейін аталған лифт арқылы босанатын әйелдер де тасымалданғаны хабарланған еді.

 

Comments