Прокуратура азаптау туралы ақпаратты жоққа шығарды

186
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OW2enDzvRU7qTwlYC7QAZ0lsCNR8aP3AkOP1P4wz.webp

Бас прокуратура «Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер аясында тергеу органдары азаптайды» деген ақпараттың жоққа шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, кейбір тұлғалар ҚР ҚПК талаптарына сай жүргізілетін заңды тергеу әрекеттерін — жауап алуға қатысу, жауап алуды өткізу, сондай-ақ соттың үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауы секілді процессуалдық шешімдерді қасақана «азаптау» ретінде көрсетіп, қоғамды әдейі адастыруда.

Бас прокуратура Қазақстан заңнамасында «азаптау» ұғымы нақты айқындалғанын еске салды.

«ҚР ҚК-нің 146-бабына сәйкес, азаптау — бұл лауазымды тұлға тарапынан тән зардабын немесе психикалық зардапты қасақана келтіру. Бұл анықтама біздің елмен ратификациялаған БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясына, сондай-ақ Ыстамбұл хаттамасының нормаларына толық сәйкес келеді»,-делінген хабарламада.

Прокуратура бүгінге дейін аталған істер бойынша қатысушыларға қатысты тергеушілер тарапынан қандай да бір заңсыз әрекеттер мен азаптау фактілерінің тіркелмегенін жеткізді.

Барлық процессуалдық әрекеттер ҚР ҚПК-ның нормаларын толық сақтай отырып жүргізілуде. Сондықтан аталған тұлғалар өзіне тиімді қоғамдық пікір қалыптастыру, құқық қорғау органдарының беделін түсіру және қылмыстық істерді толық, жан-жақты және объективті тергеуге кедергі жасау мақсатында жалған ақпарат таратуда.

Осыған байланысты Бас прокуратура көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғаның қызметiне қандай да болмасын түрде араласу үшін қылмыстық жауаптылықтың көзделгені туралы алдын-ала ескертеді»,-деп толықтырды құзырлы орган.

Еске салайық, бұған дейін ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов Freedom Finance туралы агенттік жарияланымдарына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу заңсыз әдістер қолданды және Алматы полициясы тарапынан психологиялық қысым көрсетілді деп мәлімдеген болатын. Ол істің процессуалдық заңбұзушылықтармен қозғалғанын, тергеу әрекеттері редакцияны тиісті түрде хабардар етпей жүргізілгенін, ал өзіне және басқа да іске қатысы бар тұлғаларға жасалған қысым жүйелі сипат алғанын айтқан.

 

Comments