Әкесінен кейін баласы да "Алтын Қыран" орденімен марапатталды

729
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TdqkCttDmYQSVEXgUqcAqE5lCPf9bx5qXSFHSZkB.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстан басшысын «Алтын Қыран» орденімен наградтады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Астанада өткен салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Сердар Бердімұхамедовтің жаңа формациядағы беделді мемлекет қайраткері, елдің мемлекеттік негіздерін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін және халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген прогрессивті де мықты лидер екенін атап өтті.

Президент Тоқаевтың айтуынша, Түркіменстан басшысы ұлттық лидер – Гурбангулы Бердімұхамедов жоспарлаған болашаққа бағытталған стратегиялық курсты табысты жалғастырып келеді.

«Сіздің дана басшылықпен Түркіменстан экономикасының қарқыны артып, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, энергетика саласы жаңарып жатыр. Әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асып, ғылым мен білім саласы дамуда. Халықтың әл-ауқаты артып келеді. Бұл жетістіктеріңіз ең жоғары бағалауға лайық», — деді Президент Тоқаев.

Мемлекет басшысы, әсіресе, Ашхабадтың халықаралық дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық орталығы ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған бастамаларды атап өтті. Бұған БҰҰ Бас ассамблеясы қолдаған 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы деп жариялау бастамасы нақты дәлел екенін жеткізді.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы Сердар Бердімұхамедовтің жеке еңбегін ерекше атап өтті.

«Қазақ–түркімен қатынастарының болашағы зор екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижелері осының айқын дәлелі. Қол жеткізілген уағдаластықтар көпжақты ынтымақтастығымызға жаңа серпін береді», — деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов Мемлекет басшысына жоғары мемлекеттік марапат үшін алғыс білдірді.

«Бұл награда – Түркіменстан халқына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Халықтарымызды ғасырлар бойы достық пен тату көршілік байланыстырады. Екі елдің халықаралық аренадағы тығыз және нәтижелі ынтымақтастығы – жоғары деңгейдегі өзара түсіністік пен қолдаудың көрінісі», — деді ол.

"Алтын Қыран" орденімен бұрын Сердар Бердімұхаммедовтің әкесі Гурбангулы Бердімұхаммедов те марапатталған болатын. Биылдың өзінде осы орденмен Армения премьері Николь Пашинян, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров марапатталды.

Comments