Қазақты сақтайтын қасиет

793
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wRz7FLcZn489aDDPMXFNFczW7nrk7Yb5zhhSbZcZ.webp

Біз жасы үлкен адамға құрмет көрсететін халықпыз. Тұрып, орын береміз. Құрмет тұтамыз. Сіз деп сөйлейміз. Жасын сыйлаймыз. Кей ұлттарда мұндай ұстаным жоқ екен. Өз көзіммен көргенімді айтып отырмын. Біздің ұстаным дұрыс деп ойлаймын. 

Бала Абайдың Бөжейге сәлем беретін оқиғасын бәріміз білеміз. Бөжей мен Құнанбай қырғи-қабақ. Бірақ Қарқаралыға барған сапарында, Абай Бөжекеңді көрген сәтте қолын кеуде тұсына қойып, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады. Бұл ісіне риза болған Бөжей Абайға өзінің батасын береді. Бұл оқиғадан Абайдың даналығын, Бөжейдің даналығын көруге болады. Абайдың қартқа деген құрметін де аңғара аламыз. Мұндай әдемі мысалдар жеткілікті. 

«Әкем араз еді» деп, қақиып тұрған жоқ. Жасы үлкенге құрмет көрсетті дегендей. Жалпы қазақтың тәрбиесінде үлкенге құрмет көрсетіп, батасын алу деген жақсы ұстаным бар. Соны сақтап қалу керек. 

Дінде де бұл жайлы көп айтылады. «Қандай да бір жас адам жасы үлкенді құрметтейтін болса, қартайған уақытында Алла Тағала оны да құрметтейтін біреуді жібереді» немесе «Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес» деген екен имам Термизи. Өнегелі сөздер. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақырған сөздер. 

Бірақ осы сөздерді қаперінде сақтамайтындар да бар. Тик-Токта біреу «намаз оқымаса үлкен болсын, кіші болсын, сыйламау керек, ол оған лайық емес» деп айтып отыр. Халқымыздың үлкенге құрмет көрсететін ұстанымын да, әдебиеттегі әңгімелерді де, діндегі үлкенді құрметтеуге қатысты сөздерді де білмейтін біреу сияқты. Ондайларға мән берудің қажеті жоқ. Аудиториялары жас балалар. Сол балалар сондайларды тыңдамаса екен деймін. 

Үлкенді құрметтеу тәрбиенің белгісі. Үлкендердің  көзқарастары, діни амал-әрекеттерінің бар-жоқтығы, шығу тегін бөліп-жармай «сіз» деп сөйлеп, сыйлаймыз. Бұл қарапайым мәдениет қой.

Асхат Қасенғали

Comments
Other materials