АЭС-ке қарсы шыққан белсенділердің жазасы жеңілдетілді

852
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6BS6iPLWA4l2XAdR0BTOJ4QtTIXhGziiDDjsMjbl.jpg

Қазақстанда Атом электр станциясын (АЭС) салуға қарсы шыққан бес белсендінің жазасы қысқартылды. Дегенмен, апелляциялық сот олардың толық ақталу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы KazTAG агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна».

Алматы қалалық апелляциялық сотының шешімімен Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мұбараков және Фазылжан Сыдықовтың жазасы төрт жылдан екі жарым жылға дейін жеңілдетілді..

Белсенділер өздерін кінәлі деп санамай, сот үкімін саяси астары бар деп атаған. Олар алғашқы сот үкіміне шағым түсіріп, ақтауды талап еткен еді.

Алайда сот олардың уәждерін қабылдамай, тек жаза мерзімін қысқартумен шектелді. Белсенділердің қорғаушылары бұл шешіммен келіспейтінін айтып, кассациялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Белсенділер былтыр АЭС салу туралы референдум қарсаңында ұсталған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, олар АЭС құрылысына қарсы парақшалар таратып, жиналыстар ұйымдастырған. Прокуратура оларды «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деп айыптады.

2024 жылдың тамызында Алмалы аудандық соты оларды төрт жылға бостандығын шектеу жазасына кесіп, бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салған.

Белсенділер бұл істі саяси қуғын деп бағалаған.

Оқиға халықаралық деңгейде де назар аудартты. Amnesty International ұйымы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде бұл жағдайды атап өтті. Ұйым мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында полиция АЭС салуға қарсы бейбіт акция өткізуді жоспарлаған 12 белсендіні тұтқындаған. Оларға да «жаппай тәртіпсіздікке дайындалу» бабы бойынша айып тағылған.

 

Comments