«Жаңа банк заңдары қаржы жүйесін нығайтуға бағытталған»

850
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2rO3Pol72SQmOHpsJqzEvgbR1TDufN1cb11Q8bu8.jpg

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының бірінші оқылымы өтті. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев аталған заң жобаларын қолдап, олардың еліміздің қаржы секторын дамытуға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды “Адырна”.

Депутаттың айтуынша, бұл реформалар соңғы жылдары қабылданған қаржы нарығын жетілдіру шараларының қисынды жалғасы болып саналады.

«Қарастырылып отырған заңдар нарыққа жаңа қатысушылардың келуіне жағдай жасап, бәсекелестікті арттыруға, цифрлық қаржылық технологияларды дамытуға және банктердің экономиканы қаржыландыруға белсенді қатысуына ықпал етеді», — деді Берік Бейсенғалиев.

Оның сөзінше, базалық лицензияны енгізу банк нарығына кіруді жеңілдетіп, ірі микроқаржы ұйымдарының аймақтық банктерге айналуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті несиелендіру көлемін арттыруға жол ашады.

«Қаржы нарығында ойыншылар көп болған сайын, бәсекелестік артып, бұл экономиканы несиелендіруге оң әсер етеді», — деді депутат.

Мәжіліс депутаты халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін атап өтіп, жаңа заң жобаларында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.

Жаңа нормаларға сәйкес, қаржы ұйымдары несие берер алдында қарыз алушының төлем қабілетін мұқият тексеруге және қаржылық өнімдер туралы толық ақпаратты ашық көрсетуге міндетті.

«Мінез-құлықтық қадағалауды енгізу – банктердің табыстылығы мен тұрақтылығынан бөлек, азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да маңызды қадам», — деп атап өтті Берік Бейсенғалиев.

Депутат өз сөзінде кредиттік алаяқтық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Парламент бұл бағытта екі маңызды заң қабылдаған.

Біріншіден, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие рәсімдеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді енгізді.

Екіншіден, кепілсіз несие алудың алғашқы рәсімдеу кезінде қарыз алушының банкке жеке қатысуы талап етіледі.

Сонымен қатар, 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтарға несие беру кезінде олардың Электрондық үкімет порталы арқылы келісімі міндетті.

Қарыз алушыға ойлануға мүмкіндік беру мақсатында «салқындату кезеңі»енгізілді — несие келісімі жасалғаннан кейін 24 сағат ішінде оны бас тарту құқығы қарастырылған.

Егер банктер мен микроқаржы ұйымдары биометрияны сақтамаса немесе келісімсіз несие рәсімдесе, мұндай қарыздар соттан тыс тәртіппен жойылады.

Бұл нормалар 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енген. Реттеуші органның мәліметінше, осы уақыттан бері онлайн-алаяқтық жағдайларының азайғаны байқалады.

Қорытындылай келе, Берік Бейсенғалиев жаңа заң жобаларының банк жүйесін нығайтуға, қаржы нарығының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті.

«Бұл реформалар еліміздің қаржы жүйесін одан әрі тұрақты әрі бәсекеге қабілетті етуге ықпал етеді. Әріптестерімді осы заң жобаларын қолдауға шақырамын», — деді депутат.

Comments