Қазақстанда соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуеті ерекше серпін алып келеді. Заманауи технологиялардың қарқынды дамуы, цифрлық медианың қолжетімділігі балаларға өзін таныту, ойын жеткізу, қабілетін дамыту үшін үлкен мүмкіндік туғызды. Бүгінде бала тек көрермен немесе тыңдаушы емес, өз ойын бейнелеуші, бейнеролик түсіруші, иллюстрация жасаушы белсенді тұлғаға айналып отыр.
Дегенмен бұл үдерістің екінші жағы да бар. Жаңа медиа алаңы — мүмкіндіктермен қатар, қауіп-қатерге де толы кеңістік. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту мен олардың медиа қауіпсіздігін сақтау – қазіргі қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Балалар контенті дамып жатыр ма?
Соңғы жылдары балалар контенті айтарлықтай жанданып келеді. Қазақстанда анимация саласында, балаларға арналған теле және интернет жобаларында жаңа бастамалар көбейді. Қазақ тілінде түсірілген мультфильмдер мен YouTube арналарының саны өсіп, мектеп жасындағы балаларға арналған онлайн сабақтар, ойын-сауық пен білім беретін бейнероликтер пайда болды.
Мысалы, отандық анимация студиялары ұлттық кейіпкерлерге негізделген мультфильмдер шығарып, балалардың танымдық және рухани дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ TikTok, Instagram сияқты платформаларда да балалар мен жасөспірімдерге арналған пайдалы контентті көбейтуге бағытталған жобалар іске қосылып жатыр.
Дегенмен, бұл салада сапа мәселесі әлі де өзекті. Қазақ тіліндегі контенттің көлемі артқанымен, мазмұнының бір бөлігі тек ойын-сауық бағытында қалып отыр. Балаларға арналған ақпараттық, тәрбиелік және ғылыми-көпшілік мазмұндағы жобалар жеткіліксіз. Бұл – шығармашылық саланы әрі қарай дамыту қажет екенін көрсетеді.
Цифрлық кеңістіктегі қауіптер
Балалардың интернетке ерте жастан араласуы олардың ақпараттық әлемде тәуелсіз қимылдауына жол ашады. Бірақ бұл еркіндік кейде қауіпті де болуы мүмкін. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы балалардың шамамен жартысына жуығы интернетті 6–7 жасынан пайдалана бастайды. Ал бұл кезең — тұлғаның қалыптасуындағы ең нәзік шақ.
Интернет кеңістігінде зорлық-зомбылық, агрессивті мінез-құлық, жалған ақпарат, құмар ойындар мен бейәдеп контент көптеп кездеседі. Балалар мен жасөспірімдер ондай ақпараттың зиянын аңғармай, психологиялық тұрғыда әсерге тез беріледі. Бұған қоса, кибербуллинг, жеке мәліметтердің таралуы, жалған аккаунттар арқылы алдау сияқты мәселелер жиілеп отыр.
Балаларға арналған контенттің кейбір түрлері көрінгенімен жағымды болып көрінеді, алайда астарында тұтынушылық немесе шетелдік мәдени әсерлер бар. Осындай ақпараттар ұлттық құндылықтардан алыстатып, шынайы шығармашылықтың орнын бос ойын-сауықпен алмастырып жіберуі мүмкін.
Балалардың шығармашылығын қолдау — олардың болашақ әлеуетіне салынған инвестиция. Бүгінгі бала сурет салып, бейнеролик түсіріп немесе әуен жазып отырса, ертең ол креативті ойлайтын, жаңа идея ұсынатын азаматқа айналады.
Сол себепті елімізде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға арналған орталықтар мен студиялардың жұмысы өте маңызды. Қазірдің өзінде өңірлерде шығармашылық үйірмелер, медиа мектептер, балалар фестивальдері көбеюде. Бұл — оң қадам. Бірақ олардың қолжетімділігін арттыру, ауылдық жерлерге жеткізу және кәсіби мамандармен қамтамасыз ету — әлі де өзекті мәселе.
Қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету жолдары қандай?
1. Мемлекеттік қолдау мен бақылау. Балаларға арналған контентті өндіруді және таратуды жүйелі түрде қадағалау қажет. Әр жоба тәрбиелік, этикалық және мәдени талаптарға сай болуы тиіс.
2. Ата-аналардың қатысуы. Баланың интернеттегі іс-әрекетін шектеу емес, бақылап, түсіндіру маңызды. Ата-аналар баламен бірге контент таңдауға, талқылауға және пікір алмасуға үйренуі керек.
3. Мектеп бағдарламасына цифрлық сауаттылық енгізу. Балалар өз құқықтарын, жеке мәліметтерін қорғау ережелерін, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты үйренуі тиіс.
4. Балалар шығармашылығына жағдай жасау. Әр балада талант бар. Мемлекет пен қоғам сол қабілетті ашуға мүмкіндік берсе, интернеттегі қауіпті контентке тәуелділік азаяды.
Қазақ балаларына арналған сапалы, ұлттық болмысты сақтайтын, тәрбиелік маңызы жоғары контент жасау — стратегиялық міндет. Балалар медиасы — тек ойын-сауық емес, ұлттың рухани айнасы. Сондықтан шығармашылықты, білімді және қауіпсіздікті ұштастырған жаңа медиа дәуіріне бет бұру қажет.
Бүгінгі балалар — ертеңгі журналистер, суретшілер, музыканттар, режиссерлер. Олардың арманы мен ойы арқылы елдің мәдени келбеті қалыптасады. Ал сол арманның шынайы әрі қауіпсіз болуы — қоғам мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігі.