Луврды тонау ісі. Екі күдіктіге ресми айып тағылды

876
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YAZf3K0huP9cx4tdaddNodYoUfYMO1oTPqw7RUob.webp

Франция прокуратурасы Лувр мұражайындағы аса ірі көлемдегі ұрлық ісі бойынша ұсталған бес адамның екеуіне ресми айып тақты. Олар 102 миллион доллар тұратын зергерлік бұйымдарды ұрлауға қатысы бар деген күдікке ілінді. Бұл туралы Reuters жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Париж сотының мәліметінше, күдіктілердің бірі — ер адам, екіншісі — әйел. Қалған үшеуі қажетті тергеу шаралары жүргізілген соң босатылған.

Тергеу материалдарына сәйкес, 37 жастағы ер адам бұрын да бірнеше рет ұрлық үшін жауапқа тартылған. Қазір ол қылмысты ұйымдастырған және қылмыстық топтың мүшесі ретінде айыпталып отыр. Ал 38 жастағы әйел осы істегі серіктесі әрі сыбайласы ретінде тергелуде.

Бұл айыптар 25 қазанда ұсталып, 29 қазанда ресми түрде іске тартылған тағы екі күдіктіге қатысты тергеудің жалғасы болды. Олардың бірі – 34 жастағы Алжир азаматы, оның ДНҚ ізі қашу кезінде пайдаланылған скутерден табылған. Екіншісі – 39 жастағы таксист, Париж маңының тұрғыны.

Осылайша, Луврдағы ұрлық ісі бойынша айып тағылғандардың жалпы саны төрт адамға жетті. Тергеу мәліметінше, бұл қылмыстың артында бірнеше елде әрекет ететін жақсы ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін.

Comments