Хаменованың тойға бару үшін арнайы рұқсат алғаны айтылды

1447
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JLRm8HNyxwBJnzWSixDaDWO5IHnljI9Ad0ccAUni.jpg

Пара алғаны үшін сотталған экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова тойға бару үшін рұқсат алған. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, егер сотталған адамға жазаны өтеуді кейінге қалдыру шарасы қолданылса, оған той секілді шараларға қатысуға тыйым салынбайды.

«Хаменоваға үш жылға жазаны өтеуді кейінге шегеру қолданылған. Мұндай жағдайда іс-шараларға қатысуға заң бойынша тыйым жоқ. Ол пробация қызметінен рұқсат алған», — деді Бас прокурордың орынбасары Сенат кулуарында.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті де Хаменоваға қатысты пікір білдірген болатын. Олар экс-шенеуніктің пробация қызметінің бақылауында екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Бақытгүл Хаменованың тойға қатысқан кадрлер бар видео желіде тараған еді. Бейнежазбада оның шенеуніктер мен полиция қызметкерлерінің қатарында тұрғаны анық көрінеді. Бұл көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.

Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнату кезінде 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

 

 

 

 

 

Comments