Қандастарға орын табылмады. ҚазҰУ жатақханасында дау туындады

1288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/q2A5T7FDoX1uqqkwawkS7cPgWegGIDFr0gOkEC5X.jpg

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) жатақхана мәселесіне қатысты дау туындады. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің бірқатар студенті жатақханадан орын бөлуде әділетсіздік бар екенін айтып шағымдануда. Бұл туралы Qazaq Today жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Студенттердің айтуынша, Қытай, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен келген этникалық қазақтар (қандастар) университет жатақханасынан орын ала алмай, қала шетіндегі аудандардан қатынап оқуға мәжбүр. Олардың көбі 16–17 жастағы жастар болғандықтан, сабақ кеш аяқталатын күндері үйге қайту кезінде қауіпсіздік мәселесі туындайды.

Ал студенттердің мәлімдеуінше, дәл осы факультеттегі кейбір ақылы бөлімде оқитын шетелдік студенттер жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Бұл жағдай оқу орнындағы бөліну тетіктеріне қатысты сұрақтар туғызуда.

ҚазҰУ әкімшілігі әзірге бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін университет аты бірнеше рет түрлі даулармен аталған болатын. 

Мәселен, осыған дейін ҚазҰУ басшылығына қатысты университеттің бағалы жер телімдерін сату бойынша жемқорлық дауы болған еді.

Ал осы жазда Алматыда ҚазҰУ студентінің 14-қабаттан секіріп, өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар тарады.

Өткен жылы «Пәктік тізімі» (Список девственниц) таралса, енді, міне, жатақхана төңірегіндегі кезекті дау туындап отыр.

Comments