Жантүршігерлік жол апатынан 12 адам қаза тапты. Көлік қарсы жолға шыққан

2177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4WpQINVkVoJb8nYY8ilubcUOSLLAz3L2JKHkmUrh.jpg

Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты орын алып, 12 адам көз жұмды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы жергілікті ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 23 қазан күні Самара – Шымкент тасжолында, Белқопа ауылының маңында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, DAF маркалы жүк көлігі қарсы бағытқа шығып, жолаушылар мінген “ГАЗель” автокөлігімен соқтығысқан.

Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен “ГАЗельдегі” 10 жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Белгілі болғандай, “ГАЗель” ресми түрде Жүргенев атындағы ауылдан облыс орталығына жолаушы тасымалдаумен айналысқан.

Қазіргі таңда оқиға орнында полиция қызметкерлері мен тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Барлық мән-жай анықталуда.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа ауырлықта. Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан.

Облыс әкімі Асхат Шахаров оқиға орнына барып, жағдаймен танысты.

Comments