Астанада түнгі клуб күзетшілерінің қолынан қаза тапқан 32 жастағы Азат Қабикеновтің анасы әділ үкім шығуын талап етеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Информбюроға" сілтеп.
Қайғылы оқиға "Алания" түнгі клубында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, мекеме күзетшілері келуші Азатты жабылып соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған азамат үш ай бойы ес-түссіз халде ауруханада жатып, ақыры көз жұмған. Марқұмның артында анасы мен бауырлары қалды.
“Ұлымның өліміне қатысты адамдардың барлығы тиісті жазасын алсын деп тілеймін. Қазіргі сот барысы көңілімізден шықпай отыр. Іс бұрмаланып жатқан сияқты,” – деді марқұмның анасы Айсұлу Ниетбаева.
Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда. Қамауға алынған төрт күзетшіден жауап алынған, ал тағы екі күдікті үйқамақта отыр. Бір адам іздестіріліп жатыр.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Ләззат Теміржанованың айтуынша, сот барысында мемлекеттік айыптаушылар бірнеше рет ауысқан.
“Бірқатар прокурорлар сотқа дайындықсыз келді. Бұл – іс бойынша үшінші мемлекеттік айыптаушы. Біз прокуратураға ресми шағым түсірдік. Әділ үкім шығарына сенеміз,” – деді адвокат.