Ақтаудағы апат. Ресей соққысы туралы айтқан жолаушы өмірден өтті

1221
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ya1vSFaX4AL1acHeonC6WywMH4H1DQjmfHEUSmyY.webp

2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында апатқа ұшыраған «Әзербайжан әуе жолдары» ұшағының зардап шеккен жолаушы, Нурулла Сираджов 18 қазан күні таңертең өз үйінде көз жұмды. Бұл туралы Lent.az сайты жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Әуе апаты болған күні Сираджов жұбайымен бірге Грозныйға бет алған. Ерлі-зайыптылар ұлдарын көруге және онкологиялық ауруына ота жасатуға бара жатқан. Алайда апат салдарынан жоспарланған операция өткізілмей қалды. Екеуі де ауыр жарақат алып, Бакудегі ауруханаға жеткізілген. Кейіннен Нурулла Сираджов жарақаттарынан айыққанымен, қатерлі дертті жеңе алмады.

Ол - апат кезінде аман қалғандардың бірі.

"Мен әйеліммен бірге Грозныйда тұратын ұлыма бара жатқан едім. Ұшақ алғаш рет соққыға ұшырағанда, аяқ астымда оттың жалындағанын сездім де, жарақат алдым деп ойладым. Әйелімді сабырға шақыруға тырыстым. Бірақ өзімде үрей басым болды. Белдікті шешіп, аяқ астына қарағанымда ұшақтың едені бүтін еді. Мен қайтадан орныма отырдым. Сол кезде ұшақтың артқы бөлігіне әлдеқайда қатты соққы тиді. Стюардессалар жолаушыларды сабырға шақырып, Грозныйға қонамыз деп хабарлады", – деген еді Сираджов

Еске салсақ, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Олардың 29-ы тірі қалды.

Оқиға бойынша тергеу барысында Әзербайжан тарапы ұшақ апатына Ресей әскери күштерінің қатысы бар екенін мәлімдеп, тиісті дәлелдер ұсынған.

2025 жылғы қазанда Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевтің кездесуінде Путин ресейлік тараптың кінәсін мойындап, апатты «ресейлік әуе кеңістігінде украин дрондарының болғанымен байланысты» деп түсіндірді. Сонымен қатар Ресей Әзербайжанға апаттан зардап шеккен ұшақ үшін өтемақы төлеуге уәде берді.

Апаттан кейін бір жыл өтсе де, бұл оқиға екі ел арасындағы ең ауыр және қайғылы оқиғалардың бірі болып қалуда.

Comments