Украинадағы соғыста қаза тапқан 270 қазақстандықтың тізімі жарияланды

1526
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/C8KVCBxhGxz4lwvbpIIc04cDbGcmpbioaGd2kHNf.jpg

Украиналық "Хочу жить" жобасы Украинада Ресей әскері қатарында соғысып, қаза болды деген қазақстандықтардың тізімін жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Тізімде 270 адамның аты-жөні бар. Олар соғыс кезінде қаза болған немесе із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматтары делінеді. Жоба авторларының айтуынша, тізім толық емес – қаза болғандар мен жоғалғандардың саны одан да көп болуы мүмкін.

“Қаза болғандардың ең жасы – Андрей Богомолов, 2005 жылы туған. Ол 19 жасында қаза болған. Ең үлкені – 254-мотоатқыштар полкінің мүшесі 64 жастағы Александр Ялфимов” деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда ресейлік жалдаушылар тікелей интернет жарнамасы мен "Ресейде жоғары жалақы төленетін жұмыс" ұсынатын жалған жұмысқа орналастыру агенттіктері арқылы әрекет етеді деп хабарланады.


“Біздің мәліметіміз бойынша, Ресей кейбір "алыс" елдерден жалдау процесінен біртіндеп бас тартып, тілдік кедергісі төмен көршілес мемлекеттерге басымдық беріп отыр. Бұл Қазақстан Республикасының билігі мен қоғамы ресейлік жалдау желілеріне қарсы күресті күшейтуі қажет екенін білдіреді. Әйтпесе, Ресей Қазақстан азаматтарын өлімге жібере бермек”, – делінген жарияланымда.

Қазақстанда жалдамалы ретінде соғысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Басқа ел аумағындағы ұрыстарға жалдамалылық белгілері болмаса да қатысқандар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал жалдамалылық үшін – 7 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, азаматтықтан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.


Айта кетейік, "Хочу жить" – Украина үкіметінің әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы жүзеге асыратын мемлекеттік жоба. Ол Ресей Қарулы күштерінің өмірін сақтап, қауіпсіз жағдайда тұтқынға берілгісі келетін әскери қызметшілеріне, мобилизация қаупі бар Ресей азаматтарына, сондай-ақ Украина жағына өткісі келетін ресейлік әскери және бейбіт тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған.

 

Comments