Желіде ата-аналар Алматы қаласындағы №117 мектептің оқушылары күзгі салқында флешмоб үшін далада ұзақ уақыт тұрғанын сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Democrat.kz сайтына сілтеме жасап.
Айтуларынша, ұстаздар өздері күрте киіп жүрген кезде, жеңіл киімдегі балалар блогер мен оператор келгенше сыртта күтуге мәжбүр болған.
Желі қолданушысының жазуынша, оқушылар видео түсіруге сағат 13:00-де дайын болуы керек болған, бірақ блогер мен мобилографтың келуін 13:50-ге дейін күтті. Осы уақытта ауа температурасы +14°C болып, балалар тек ақ жейде киіп тұрған. Ата-аналар бұл әрекетті балаларды қорлау деп бағалады.
Кейбір ата-аналар әлеуметтік желілерде мектептің парақша жүргізіп, балалардың фотосы мен видеосын жариялап жатқанын сынады.
“Балаларды жеңіл киіммен желде тұрғызу дұрыс па? Директорды жазалау керек", "Балаларды ата-ана рұқсатынсыз неге түсіреді?" деп түрлі пікір жазылған.
Ал №117 мектеп әкімшілігі өз жауабында іс-шараның Республика күніне орай ұйымдастырылғанын, флешмобты түсіру 15 минуттан аспағанын, ал ауа температурасы +16 °C болғанын хабарлады. Мектеп бұл әрекетті санитарлық талаптарға сай деп санайды және алдағы уақытта ата-аналардың ескертулерін ескеретінін айтты.
Депутат Асхат Аймағамбетов мәжіліс кулуарында мұғалімдерді мәжбүрлеп видео түсіруге қарсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір оқушы мен мұғалімнің рұқсатынсыз олардың бейнесін интернетке жариялау заңсыз:
“Бұл – бала бейнесіне деген құқық. Рұқсатсыз түсіруге болмайды. Қазір жасанды интеллект, дипфейк заманы. Деректер өте құнды. Сондықтан қауіп бар", - деді депутат Аймағамбетов.
Депутат ата-аналарға балаларын мектепте фотоға түсіруге рұқсат бермеуді ұсынып, мұндай жағдайға назар аударуға шақырды.
In Semey, a new public space and an opportunity to print books in Braille in the Kazakh language appeared