40 мың жыл бұрынғы қаңқа. Бұландыдан да мамонт сүйегі табылды

1614
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NUsJIyZJPqJXAHdtLS83dgzXuf8G7AgCAeiQOUrq.jpg

Ақмола облысы, Бұланды ауданының Новобратское ауылы маңындағы Қоңыр өзенінің жағасынан шамамен 35–40 мың жыл бұрын өмір сүрген түкті мамонттың төменгі жақ сүйегі мен жілік сүйектері табылды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі хабарлады.

Ғалымдардың айтуынша, табылған мамонттың жасы шамамен 40–50 жас болған. Құнды олжаны «СПХ Новобратское» агрохолдингінің қызметкерлері — Әділет Омаров пен Әлжан Ракишев тапқан. Олар бұл жөнінде бірден Ұлттық музей мамандарына хабарлаған. Қазір сирек кездесетін бұл жәдігер музей қорында арнайы жағдайда сақталуда.

Мамандардың пікірінше, төменгі жақ пен жілік сүйектерінің бүтін күйінде сақталуы — мамонттың толық қаңқасы осы аумақта болуы мүмкін екенін аңғартады. Осыған байланысты Ұлттық музей жанынан құрылған арнайы ғылыми топ алдағы уақытта жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Ұлттық музей өкілдері бұл ерекше тарихи-ғылыми жаңалықты кеңінен жариялауға шақырып, қажет болған жағдайда мамандар сұхбат пен қосымша материалдар ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қоңыр өзенінің жағасынан түсірілген видео және сұхбаттар да қосымша ретінде берілуі мүмкін.

Comments