Душанбедегі тоқтам. Қазақстан ұсынған ТМД +  форматы бекіді

1405
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Tnymfz0IlCzmCsmKT0i3cySCuoK1gEf2qSK2Ujwz.jpg

10 қазанда Душанбе қаласында өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) жаңа өзара іс-қимыл форматын – «ТМД плюс» (ТМД+) енгізу туралы шешім қабылдады. Жаңа форматты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жаңа формат үшінші елдер мен халықаралық ұйымдардың ТМД мемлекеттерімен ортақ мүдде тұрғысынан ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік береді. Бұл ТМД шеңберінде өтетін іс-шараларға сырт елдердің қатысуын қарастыратын ашық және икемді механизм болмақ.

«Шешімде ТМД аясында өткізілетін іс-шараларға мүдделі тараптарды шақыру тәртібі мен қатысу форматы, сондай-ақ ынтымақтастық орнату жөніндегі өтініштерді қарау тәртібі белгіленеді», – деп мәлімдеді атқарушы комитеттің баспасөз қызметі.

 

ТМД атынан іс-шараларға үшінші тараптарды шақыру құқығы төрағалық етуші мемлекетке беріледі. Дегенмен, бұл үшін Достастыққа мүше басқа елдердің қарсылығы болмауы тиіс. Сонымен қатар, жаңа формат шеңберінде ынтымақтастық орнатуға мүдделі тараптардың өтініштерін қарау тәртібі мен қатысу ережелері де анықталған.

Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мұндай форматтар өңірлік ұйымдарда жиі қолданылатынын атап өткен. Ол мысал ретінде ШЫҰ+ (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы) және БРИКС+ форматтарын келтірген.

Саммит барысында барлығы 19 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы, сыртқы шекараларда шекара қауіпсіздігін күшейту жөніндегі бағдарлама, өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық декларациясы бар.

2026 жылғы қаңтардан бастап ТМД-ға төрағалық Түрікменстанға өтетіні шешілді. Сондай-ақ ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедевтің өкілеттігі тағы үш жылға ұзартылды.

Comments