Тұңғыш спутник ұшқан күні. Қоғамдық орындарда интернетке кіру тәртібі өзгереді

1459
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qIkuCQg2AuiR6ihqLjWhcj86WTMsuGC6f1qH5QR6.jpg

Елімізде 4 қазаннан бастап қоғамдық орындардағы интернетке қосылу ережелері өзгереді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл өзгерістер байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына енгізіліп отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 17 қыркүйек күні тиісті бұйрыққа қол қойған. Құжатта интернетке қосылу кезінде пайдаланушыларды міндетті түрде сәйкестендіру талаптары нақтыланған.

Қоғамдық орындарда Wi-Fi арқылы интернетті пайдалану үшін азаматтар SMS не eGov арқылы тіркеуден өте алады.

Пайдаланушы арнайы формаға өз телефон нөмірін енгізеді. Осыдан кейін бір реттік құпиясөз SMS арқылы келеді. Құпиясөзді енгізген соң ғана интернетке қосылуға рұқсат беріледі. Ал авторизация «электрондық үкімет» веб-порталындағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен жүзеге асады.

Қоғамдық Wi-Fi желісін ұсынушылар мен байланыс операторлары пайдаланушыны интернетке тек осы екі әдістің бірі арқылы тіркелген соң ғана қосуға міндетті. Бұл талап әрбір интернетке қосылған адамның нақты сәйкестендірілуін қамтамасыз етеді.

Министрліктің түсіндіруінше, жаңа ережелер қоғамдық интернетті пайдаланудағы ашықтық пен қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі.

Жалпы, жаңа ереже қолданыла бастайтын 4 қазан ғарышты игеру дәуірінің басталған күні деп есептеледі. 1957 жылы осы күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігі ұшырылған еді. 

 

Comments