Ресейде елеулі түрде бензин тапшылығы байқалды

1332
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XXysDgkVNeVhGvv2Tua9Q2cuq4leNB3a54Uav5X9.jpg

Ресейде кейбір жанармай құю бекеттерінде бензин тапшылығы қатты байқалып отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресейде кейбір маркалы жанармай жетіспей жатыр. Трейдерлер мен бөлшек сауда өкілдерінің айтуынша, украин дрондарының мұнай өңдеу зауыттары мен экспорттық терминалдарға жасаған шабуылдары мұнай өңдеуді азайтып, ал жоғары кредиттік мөлшерлемелер жеке станцияларға қор жинауға мүмкіндік бермей отыр.

Украина Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына соққыларды күшейтті. 

Бұл – Мәскеудің экспорттық табысын төмендету, ел ішінде наразылық туғызу және Кремльді бейбіт келіссөздерге итермелеу мақсатында жасалуда.

Аталған шабуылдар кей күндері Ресейдегі мұнай өңдеуді бестен бір бөлігіне дейін азайтып, негізгі порттардағы экспорт көлемін төмендетті. Дизель қоры жеткілікті болғанымен, бензин өндірісі ішкі сұраныспен шамалас, сондықтан өңдеу көлемінің азаюы тапшылыққа әкелуі мүмкін.

Қазір бекеттерде ұзын-сонар кезек байқалмайды. Алайда Ai-92 және Ai-95 секілді танымал маркалар жиі қолжетімсіз болып қалып жатыр.

Бензин тапшылығы алғаш рет тамыз айында Қиыр Шығыс пен Қырымда пайда болды. Кейін мұндай қиындықтар Еділ-Вятка аймағында, Ресейдің оңтүстігі мен орталық бөлігінде тіркелді.

Comments