Су – өмір өзегі: Батыс Қазақстанда су шаруашылығы жүйелері кешенді жаңғыртудан өтуде

1614
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EW1x50cInk6u8Judk4GpB3Nv7fSoSEEaTdMcBcLt.jpg

Биылғы жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында судың маңыздылығына ерекше тоқталып: «Су — стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс», – деп атап өтті.Президенттің осы тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, су жүйелерін жаңарту және цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы да қарқынды әрекет етуде. «КазСуШар» РМК БҚО филиалы мәліметінше  нысандар жаңартылып, автоматтандырылған жүйелер енгізілуде.

Қазіргі уақытта өңірде 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген үш су қоймасы мен жалпы ұзындығы 436 шақырымды құрайтын жеті магистралдық каналды қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл нысандарда суды есепке алу мен гидротехникалық имараттарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген.

Сонымен қатар, Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Көшім магистралдық каналы мен Шаған өзені тармағын механикаландырылған тазарту, сондай-ақ жаңадан басталатын Жәнібек суландыру жүйесіне кіретін 192 шақырым арнаны қалпына келтіру жобаларында да автоматтандыру элементтері қарастырылып отыр.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары мен арналарды тазарту жалғасуда

Су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайынғы ағымдағы жөндеу және механикалық тазарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

2024 жылы өңір бойынша 13 су нысанына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 74 шақырым канал ішінара механикалық тазартылды. Ал 2025 жылға арналған жоспар аясында 26 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу және 144 шақырым арнаны тазарту көзделген. Бүгінде бұл жоспардың жартысынан астамы орындалып, 11 нысан жөнделіп, 100 шақырымнан астам канал тазартылды. Қалған бөлігін аяқтау бойынша жұмыстар жалғасуда.Бұл шаралар су шығынын азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.

Жаңа су қоймасы салынып, каналдар жаңғыртылады

Ислам даму банкі қаржыландыруымен көлемі 28 млн текше метр болатын жаңа су қоймасы Казталов ауданының Жалпақтал ауылынан жоғары салынбақ. Сондай-ақ Тасқала ауданындағы Жайықбай суландыру каналы қайта жаңғыртылады. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы алқаптарының суға қолжетімділігін арттырып, аймақтың аграрлық әлеуетін көтеруге бағытталған.

Материалдық-техникалық база жаңартылуда

Су ресурстары министрлігінің қолдауымен филиалдың техника паркі де кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. 2024–2025 жылдары 67 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 51-і жеткізілді. Бұл техникалар филиал қызметкерлерімен бірге су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының тиімді әрі сапалы жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Суармалау жүйелерін біріктірілген басқаруға көшіру

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, суармалау жүйелерін бірыңғай басқару жүйесіне келтіру мақсатында Жайық-Көшім және Жәнібек суармалау жүйелеріне тиесілі 826 шақырым арна мен 57 мың гектар көлдете суармалау алаптары коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беріліп жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде су жүйелерін қалпына келтіру мен дамыту бойынша нақты техникалық және қаржылық шешімдер қабылданатын болады.

Кешенді жоспар – нақты әрекет

Су саласын жүйелі түрде дамыту үшін 2024–2028 жылдарға арналған Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, облыс бойынша 127 іс-шара енгізілді. Бұл жоспар өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіптік сектордың тұрақты дамуына жол ашады.

Ұлттық қауіпсіздіктің кепілі – сенімді су жүйесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі».

Осыған орай, Батыс Қазақстанда су ресурстарын тиімді әрі заманауи технологиялармен басқару бойынша кешенді жұмыстар жалғаса бермек. Бұл тек экономикалық даму үшін емес, өңірдің болашағы үшін де аса маңызды шаруалардың бірі. 

Comments
Other materials