AUYL SPORT 2025: 10 мыңнан астам ауыл баласына үлкен спортқа жол ашылды

2203
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CyzBErPSPotdkwjjWRJTtyT3HhYF3O9gUKbnw7hp.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән берді. Президенттің бастамаларын үнемі қолдайтын Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры бастамасымен биыл да ауыл балаларына үлкен спортқа жол ашатын «AUYL SPORT» турнирін өткізеді. 11 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өтетін II өңірлік «AUYL SPORT 2025» турнирі Қызылорданың құмды даласынан басталып, еліміздің барлық өңірін аралап, мыңдаған жас спортшыға шабыт сыйлайды. Толығырақ "Адырна" ұлттық порталының материалында. 

Жеті спорт түрі – мыңдаған мүмкіндік

AUYL SPORT – ауыл жастары үшін тек спорттық дода ғана емес, болашаққа сенім ұялататын, үлкен өмірге қадам бастайтын маңызды алаң.

Биыл бұл жоба екінші жыл қатарынан республикадағы ауылдарды аралағалы тұр. Жоба аясында 10-15 жас аралығындағы спортшылар жеті спорт түрінен бақ сынайды. Олар каратэ, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі, баскетбол және волейбол. Қатысушылар үшін 244 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

сурет: Halyk қорының баспасөзінен

Бұл жарысқа 100 кәсіби төреші жұмылдырылып, жергілікті спорт басқармалары мен аккредиттелген федерациялар толық қолдау көрсетуде. Бұған дейін ауылда тек армандап келген мүмкіндіктер енді ауыл балалардың өз қолына беріліп отыр.

Ең басты жаңалықтардың бірі – үстел теннисі биыл бағдарламаға алғаш рет қосылды. Қарапайым құрал-жабдықпен шағын мектептердің өзінде жаттығуға болатын бұл спорт түрі ауыл балалары үшін қолжетімді бағытқа айналды. Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов аталған спорт түрін неліктен таңдар алғандарын былайша түсіндірді: 

"Біз арнайы комиссия құрып, бапкерлермен бірге ауылда қандай спорт түрлері қарқынды дамып жатқанын талқыладық. Сол талқылаулардың нәтижесінде үстел теннисін енгізуді жөн көрдік. Өйткені бұл – ауыл мектептеріне қолжетімді әрі балалардың қызығушылығын арттыратын спорт", – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Halyk қорының қолдауы – ауыл спортына сенім

Жобаны ұйымдастырып отырған Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов турнирдің мән-маңызына тоқталып, ауыл спортын дамытудағы мақсаттарын атап өтті:

"AUYL SPORT – ауыл балаларына арналған жарыс қана емес, олардың арманын жүзеге асыратын үлкен арена. Биыл тағы да 10 мыңнан астам жас спортшы теңдей мүмкіндікпен жарысқа қатысады. Бұл – біз үшін мақтаныш. Ауылдан шыққан балалардың республикалық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық құрамамен бірге жүлде алып жатқанын көргенде жүрегімізді қуаныш кернейді. Бұл жетістік – тек дарынды балалардың еңбегі ғана емес, оларға жағдай жасаған білікті бапкерлердің, үлкен еңбек сіңірген жаттықтырушылардың да жеңісі", – деді ол.

Оның айтуынша, Halyk қоры үшін бұл жоба бір реттік шара емес. AUYL SPORT – ауыл спортын тұрақты түрде қолдап, дамытатын ұзақмерзімді бағдарламаға айналмақ.

Академияның серіктестігі және жаңа бастамалар

Жобаны жүзеге асыру аясында 2024 жылы Halyk қоры мен Қазақ спорт және туризм академиясы арасында меморандумға қол қойылған еді. Соның негізінде ауылдағы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, спорттық әдістемелерді енгізу және ауыл жастарына кәсіби бағдар беру жұмыстары басталды.

Академияда оқу-спорт базасы жаңартылып, “AUYL SPORT” шығыс жекпе-жегі залы ашылды. Бұл – ауылдан шыққан жас спортшыларға кәсіби деңгейдегі жағдай жасауға бағытталған нақты қадам.

Академияның оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры, профессор Нұрмұханбетова Динара Кенжеқызы былай деді:
"Ауыл балаларына осындай мүмкіндік берілуі – бәріміз үшін қуаныш. Бұл бастама талай дарынды жастың жолын ашып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына ықпал етеді. Жобаның ғұмыры ұзақ болып, еліміздің түкпір-түкпірінен шыққан жастардың арманы орындалсын деп тілейміз. Әрбір жеңіс – жаңа арманға жол ашатын жалынды қадам", – деді ол.

Жоба қандай нәтиже беріп жатыр?

AUYL SPORT жобасы 2024 жылы алғаш басталғаннан-ақ үлкен серпіліс әкелді. Бір жылдың ішінде 200 ауылдық елдімекеннен 12 мыңнан астам бала қатысып, ел тарихындағы ең ауқымды ауыл жастарының жарысына айналды.

Ал 2025 жылдың көктемінде алғашқы жеңімпаздар Қазақстан құрамасы сапында Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасына аттанып, ел намысын қорғады. Қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп әкелсе, оның төртеуі ауыл балаларынан шыққан талантты спортшылардың еншісінде болды. Бұл – ауылдан шыққан балалардың да әлемдік деңгейде жеңіске жете алатынын дәлелдеді.

суреттер: Halyk қорының баспасөзінен

Comments