Путин мен Си 150 жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігін талқылады

1938
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/m9Cf4POVXrfO6OZyU8kOKDZjHNCzjEyYIJ7Ry0kD.webp

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Бейжіңдегі әскери парад алдында заманауи технологиялар арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің әңгімесінің үзінділері тікелей эфирге түсіп қалған. Олар КХДР лидері Ким Чен Ынмен бірге Тяньаньмэнь қақпасына көтеріліп бара жатқан сәтте әңгімелескен.

Әңгіме бір минуттан аз уақытқа созылып, кей жерлерінде үзіліп отырған, сондықтан тек жекелеген үзінділер естілген. Жазбада Си Цзиньпин қытай тілінде «бүгінгі күні» және «70 жас» деген сөздерді айтқаны байқалады.

Сөзді аударып тұрған аудармашы кейін орыс тілінде: «Бұрын кей адамдар ғана 70 жасқа дейін жететін, ал қазір 70 жаста сен әлі бала сияқтысың», – деп жеткізген.

Путиннің айтқан пікірі тікелей эфирде анық естілмеген. Алайда аудармашының сөздері жазылып қалған.

«Биотехнологияның дамуының арқасында адам ағзаларын үнемі ауыстыруға болады, сонда адамдар жыл өткен сайын жасарып, тіпті мәңгілік өмірге қол жеткізе алады»,—дейді ол.

Микрофонға жазылған бір минутқа жетпейтін әңгіме соңында Қытай көшбасшысы: «Болжамдар көрсеткендей, 21-ғасырда 150 жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігі бар», – дейді.

Қытайға сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Владимир Путин бұл тақырыптың Си Цзиньпинмен талқыланғанын растады.

«Қазіргі сауықтыру құралдары, медициналық тәсілдер, соның ішінде әртүрлі хирургиялық әдістер, ағзаларды ауыстыруға байланысты мүмкіндіктер сынды дүниелео адамзатқа белсенді өмірдің бүгінгідей емес, одан да ұзақ жалғасатынына үміт береді. Әрине, әр елдегі орташа жас әртүрлі, бірақ соған қарамастан өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай артады», – деді ол журналистерге.

Айта кетейік, Владимир Путин мен Си Цзиньпин бүгінде 72 жаста. Әзірге екеуі де ықтимал мұрагерлерін атаған жоқ.

Comments