"Мал айдауға кеткен". Түркістанда бір ай бұрын жоғалған ер адам табылмай жатыр

1162
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Түркістан облысында қой айдауға кеткен 38 жастағы Мақсат Атабаев із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол жоғалғанына бір айға жуық уақыт болса да, әлі күнге дейін табылмаған.

Жоғалған азаматтың анасы Ұлжан Жәнібекованың айтуынша, ұлы «Жетісайдан Шардараға қой айдауға кеттім» деп шығып, сол күйі үйге оралмаған.

«Көлікке отырған. Үйге қайтамын деген. Бірақ әлі келген жоқ. Күні-түні жолына қарап отырмын. Үмітім үзілмеді», – дейді анасы.

Мақсат үйленбеген, анасымен бірге тұрған. Жақындары оның кез келген қара жұмысқа икемді екенін айтып, біреулер күштеп ұстап отыр ма деген күдік келтіреді.

Ағайындары бұл іске азаматтың досының қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Ол ініммен бірге қой айдауға шыққан. Екі күн далада түнеген. Үшінші күні інім тойға бармаймын деп ауылда қалған. Содан кейін Мақсат жалғыз қалып кеткен. Қалтасында ақшасы да болмаған. Мүмкін біреулер оны пайдаланып, басқа жаққа алып кеткен шығар», – дейді әпкесі Айжан Атабаева.

Жақындары ауыл-аймақты түгел іздегенін айтады.

«Бөлімше, көлікжай, тастанды ғимарат – бәрін қарадық. Бірақ нәтиже жоқ. Полиция алғашында үйге келіп көрді, одан бері хабарсыз», – дейді туыстары.

Ал полиция өкілдері іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын және істің бақылауда екенін мәлімдеді.

Comments