АЭС қауіпсіздігі. Қазақстан мен Өзбекстан арасында кездесу өтті

1093
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tquuxYX6ZmeOoCKBEuRUtLkfRqle4R1R48uAmcKO.webp

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан жұмыс топтарының кездесуі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кездесуде екі елдің атом электр станцияларын салуға жауапты өкілдері төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етудің бірлескен жүйесін құру мәселесін қарастырды.

Қазақстандық делегацияға экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев жетекшілік етті. Тараптар радиациялық және экологиялық жағдайды бірлесіп бақылау жүйесін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ АЭС құрылысында қауіпсіздік басты басымдық болуы тиіс екені бірнеше рет айтылды. Әсіресе, сейсмикалық қауіп мәселесіне назар аударылды.

Өзбекстан тарапы ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындаудағы жетістіктерімен бөліскен.

Кездесуде кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастық та талқыланды. Оның ішінде Ташкенттегі Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалы негізінде бірлескен білім беру бағдарламаларын құру ұсынылды.

«Өзатом» басшысы Азим Ахмедхаджаев Қазақстанда инженерлік-іздестіру жұмыстарының басталғанына қуанышты екенін жеткізіп, бұл кезеңнің аса маңызды екенін атап өтті.

Ал Жомарт Әлиев өз сөзінде Өзбекстанның тәжірибесін ескере отырып, қайталанбас қателіктерден сабақ алу мақсат екенін атап өтті.

Comments