"Қазақстаннан" - "Еуразияға". Ләззат Танысбай жаңа қызметке тағайындалды

1418
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VKCZSAujCDICrpBGHq7rPV8IwfxS5k8NYv2gOGqD.jpg

Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы ретіндегі қызметін аяқтап, «Еуразия» бірінші арнасының басшылығына келді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек - ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі.

Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін.

Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін»,  - деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде.

Ол «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарған болатын.

Енді бұл қызметті Ернұр Бурахан атқаратын болады. Ол 1981 жылы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Журналистика саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары «Qazaqstan» телеарнасында тілші, тележүргізуші, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Қазақ радиолары» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. Биыл қаңтар айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде болды.

Comments
Other materials