Алматыда Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр

818
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pk5QtKxxwyghQxnfetcSiSlD3UCmbzXvSlt9LgyQ.jpg

6 тамыз күні Алматы қаласындағы Офицерлер үйінде ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Қоштасу шарасы таңғы сағат 09:00-де басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы zakon.kz сайтына сілтеме жасап. 

Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ маңына Талғат Мұсабаевтың туған-туыстары мен жақындарынан бөлек, әріптестері, достары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғарыш саласының өкілдері келді. Қоштасуға ресейлік ғарышкер, авиация спортының шебері Сергей Крикалев арнайы ұшып келіп, әріптесі жайлы жылы лебізін білдіріп, онымен бірге жұмыс істегенін мақтанышпен атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстандық танымал ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов те қоштасу рәсіміне қатысты. Фойеде Талғат Мұсабаевқа құрмет ретінде арнайы қарауыл ұйымдастырылған.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері де жиында болды. Олардың арасында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев, ғалым Рахман Алшанов, запастағы генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков және басқа да танымал тұлғалар бар. Барлығы да халық қаһарманының ел дамуына қосқан үлесін атап өтіп, гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Қоштасу рәсімінен кейін 28 панфиловшы-гвардияшылар атындағы саябақта қаралы митинг өтеді. Одан кейін Талғат Мұсабаев Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленеді.

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 2025 жылғы 4 тамыз күні 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданының Фабричное ауылында туған. Қазақстанның Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды.

Ол ғарышқа үш мәрте ұшып, жалпы саны 341 тәулік 9 сағат 46 минут ғарыш кеңістігінде болды. Сонымен қатар, 8 рет ашық ғарышқа шыққан, бұл сапарлардың жалпы ұзақтығы – 43 сағат 46 минутты құрайды.

Comments