Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир жексенбі күні Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне барып, ғибадат етті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Бұрын мұсылман билігімен жасалған бейресми келісімге сәйкес, Әл-Ақса кешені Иорданиялық діни қордың басқаруында және еврейлер ол жерге келуге құқылы. Алайда мешітте намаз оқуға тыйым салынған.
«Ғибадатхана тауының әкімшілігі» деп аталатын шағын еврей ұйымы жариялаған видеода Бен-Гвирдің бір топ адаммен кешен аумағында серуендеп жүргені көрінеді. Басқа видеоларда оның намаз оқып жатқаны байқалады.
Әл-Ақса мешіті — мұсылмандар үшін Қағба (Харам мешіті) мен Мәдинадағы пайғамбар мешітінен кейінгі үшінші қасиетті орын, ал Ғибадатхана тауы — иудаизмдегі ең қасиетті орын.
Израиль 1967 жылғы Таяу Шығыс соғысы кезінде Әл-Ақса кешенін Иорданиядан тартып алған. Сол кезде Иордания бұл жердің тарихи қорғаушысы ретіндегі рөлін жалғастыру құқығын сақтап қалған, ал Израиль қауіпсіздік пен кіру-шығу мәселесін өз бақылауына алған.
Палестиналықтардың айтуынша, соңғы жылдары кешенге келген еврейлер онда жиі намаз оқиды, ал Израиль полициясы оларға кедергі келтірмейді.
Айта кетейік, Израиль кешен аумағында мұсылман еместердің намаз оқуына шектеу қоятын ережелерді мойындайды. Бен-Гвирдің сапарынан кейін премьер-министр Биньямин Нетаньяху Израильдің Әл-Ақса кешеніндегі статус-квоны сақтау саясаты «өзгермегенін және өзгермейтінін» мәлімдеді.
Ұлтшыл көзқарастағы Бен-Гвир ұлттық қауіпсіздік министрі ретінде полиция қызметін бақылайды. Ол бұл жерге бұған дейін де барған. Times of Israel басылымының жазуынша, бұл жолы ол алғаш рет Ғибадатхана тауында ашық түрде құлшылық жасаған. Сапар кезінде оны полиция қызметкерлері алып жүрген. Өз мәлімдемесінде Бен-Гвир Израильдің Газадағы ХАМАС-пен соғыста жеңіске жетуін және содырлардың қолында тұрған израильдік тұтқындардың елге оралуын тілеп, ғибадат еткенін жеткізді.