Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздікті сақтау – стратегиялық басымдықтардың бірі. Бұл қауіпсіздік ұғымы бүгінде әскери немесе шекаралық мәселемен ғана шектелмейді. XXI ғасырда ұлттық қауіпсіздік – ақпараттық шабуылдарға, идеологиялық ықпалға, әлеуметтік тұрақсыздыққа қарсы ішкі иммунитет қалыптастыру деген сөз. Осы тұста жастардың патриоттық тәрбиесі ерекше мәнге ие болып отыр. Осы тақырып аясында қоғам жастары қандай пікірде? "Адырна" тілшісі жастардың пікірін біліп шықты. Толығырақ матреилдан оқыңыз.
Ұлттық қауіпсіздік және патриоттық сана: байланысы неде?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше мәрте жастардың отаншылдық рухын көтеру, елге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өткен. Ұлттық қауіпсіздіктің қазіргі анықтамасы – тек физикалық шекара емес, ол – сананың шекарасы. Егер жастардың санасы бөтен идеологиямен уланса, қауіп сырттан емес, іштен төнуі мүмкін.
Журналист және қоғам белсендісі Мөлдір Нұрғалиқызы бұл жайында былай дейді:
«Жастар TikTok пен Instagram арқылы неше түрлі ақпаратты қабылдап жатыр. Олардың қандай мазмұнды қарап жүргені – тікелей ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді. Егер біз патриоттық тәрбиеге мән бермесек, ертең сол жастар мемлекеттің емес, сыртқы күштердің мүддесін қорғайтын болады. Патриоттық тәрбие дегеніміз – ұлтты қорғаудың ішкі иммунитеті», – дейді сарапшы.
Мектеп – патриоттық тәрбиенің бастау бұлағы
Патриоттық сана ең алдымен мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Себебі, бала үшін алғашқы тәрбиеші – ата-ана болса, ұлттық сана негіздері білім беру жүйесі арқылы сіңіріледі.
Айсара Ізбасарова, мектептегі тәжірибелі тарих пәнінің мұғалімі, бұл бағытта жастармен көп жылдан бері жұмыс істеп келеді:
«Патриоттық тәрбие тек тақта алдында Отан туралы әңгіме айтумен шектелмейді. Біз оқушылармен бірге тарихи орындарға экскурсия жасаймыз, ардагерлермен кездесеміз, әскери-патриоттық клубтарға қатысамыз. Баланың көзінде от пайда болса, бұл – тәрбиенің нәтижесі. Жастар Отанды сүюді кітаптан емес, нақты әрекет пен үлгіден көруі керек», – дейді ұстаз.
Айсара апайдың айтуынша, қазіргі оқушылар арасында ел тағдырына бейжай қарамайтын жас буын өсіп келеді. Бірақ оларға дұрыс бағыт берілмесе, бос ақпараттың құрбаны болу қаупі де жоқ емес.
Тарихи жадысыз патриоттық сана болмайды
Патриоттық тәрбие – бұл құр ұран емес. Ол – білім, сана және тарихи танымға сүйенуі қажет. Тарихты білмей патриот болу мүмкін емес.
Аружан Маратқызы, тарихшы:
«Жастар өз елінің өткені мен бүгінін білмесе, болашақты сезіне алмайды. Ұлттың қайғысы мен жеңісін, биігі мен күресін сезінбеген адам шынайы патриот бола алмайды. Бізге ең алдымен тарихи жадыны сақтау қажет. Сол арқылы жастарда елге деген құрмет пен жауапкершілік қалыптасады», – дейді ол.
Оның айтуынша, мектеп пен ЖОО-ларда патриоттық бағыттағы деректі фильмдер, өмірбаяндық хикаялар, танымдық жобалар жүйелі жүргізілуі керек.
Антикор мен ұлттық қауіпсіздік: жаңа бағыт
2025 жылдың көктемінде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – Антикор ұлттық қауіпсіздік жүйесінің құрамына қосылды. Бұл – Қазақстандағы қауіпсіздік ұғымының ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Демек, ендігі қауіп тек сырттан емес, ішкі қауіп-қатерлерден – жемқорлықтан, әлеуметтік әділетсіздіктен, сенімнің жоғалуынан туындайды.
Сарапшылар бұл қадамды тарихи және қажетті шешім деп бағалап отыр. Себебі жастар арасында әділетсіздікке наразылық, сенім дағдарысы кең тараса, ол елдің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік тек танкі мен дрон емес, адалдық пен әділет те болуы шарт.
Қоғамдық белсенділік – патриотизмнің көрінісі
Қазіргі жастар еріктілікпен, қоғамдық бастамалармен жиі айналысады. Бұл – патриотизмнің жаңа формасы. Ардагерлерге көмектесу, науқас балаларға қол ұшын беру, сенбіліктерге қатысу – бәрі де елге, қоғамға қызмет етудің көрінісі.
Мөлдір Нұрғалиқызы:
«Жақсылық жасау – патриотизмнің ең шынайы формасы. Егер әр жас қоғамға пайдасын тигізуге тырысса, біз ішкі тұрақтылықты да, қауіпсіздікті де сақтай аламыз» – дейді.
Жастарсыз қауіпсіздік жоқ
Бүгінгі жастар – ертеңгі офицер, инженер, журналист, заңгер. Олар – елдің болашағы ғана емес, қазіргі қауіпсіздіктің де кепілі. Патриоттық тәрбие – ұлттық қауіпсіздікке салынған мықты іргетас. Бұл тәрбие отбасында басталып, мектепте жалғасып, қоғамда шыңдалуы керек. Сонда ғана біз шынайы, саналы, адал ұрпақ өсіре аламыз.
Спорт пен мәдениет – ұлттық бірліктің діңгегі
Жастардың бойындағы патриоттық сезімді нығайтудың бір жолы – спорт пен мәдениетті дамыту. Спортта ел намысын қорғап жүрген жас чемпиондар өзгелерге үлгі болады. Әлемдік аренада көк туымыз көтерілгенде, әрбір қазақстандық жүрегінде мақтаныш сезімі оянады. Бұл – ұлттық бірлікті қалыптастыратын қуатты күш.
Сонымен қатар, мәдениет – ұлттық кодтың айнасы. Театр, музыка, әдебиет пен кино арқылы жастар тарихын, дәстүрін, болмысын таниды. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі фильмдер мен ұлттық өнерге қызығушылық артып келеді. Бұл үрдіс жас буынның мәдени иммунитетін күшейтіп, жаһандану жағдайында өзін жоғалтпауына жол ашады.
Мемлекеттік бағдарламалар және патриоттық жобалар
Мемлекет жастардың патриоттық тәрбиесін дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. «Жастар жылы», «Ұлы дала жастары», «Жас сарбаз» сияқты жобалар – соның айғағы. Бұлар тек ұран емес, нақты іс-шаралар жүйесі.
Мәселен, әскери-патриоттық клубтар жасөспірімдердің жауапкершілік сезімін арттырып, оларды тәртіпке баулиды. Ал студент жастарға арналған қоғамдық жобалар – еріктілік мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Мұндай бастамалар арқылы жас буын бір жағынан елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысса, екінші жағынан өз елінің дамуына үлес қосып отырғанын сезінеді.
Ұлттық құндылықтарды сақтауда БАҚ пен өнердің рөлі
Ақпарат ғасырында бұқаралық ақпарат құралдары мен өнердің ықпалы орасан зор. Жастардың көзқарасын қалыптастыруда теледидардан бастап әлеуметтік желіге дейін үлкен күшке айналды. Сондықтан БАҚ-тағы контент тек көңіл көтеру емес, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, патриоттық рухты көтеретін бағытта болуы шарт.
Өнер де – патриотизмнің қайнар бұлағы. Күй мен терме, поэзия мен әдебиет, заманауи әндер мен бейнелеу өнері – барлығы да елдің болмысын сақтап, жас буынға жеткізетін құрал. Егер өнер халықтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілікті ұялата алса, ол ұлттық қауіпсіздіктің де кепіліне айналады.