120 жыл бұрынғы әділет талабы. Алғашқы петиция

1438
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/y3FqTgUDK0qET7iL3Ozcq1ez1KNyJCyyC5dh0Ycq.jpg

1905 жылдың 25 шілдесінде Қарқаралы маңындағы әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде жиналған мыңдаған қазақ патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы алғаш рет саяси талаптар қойылған петицияны қабылдады. Биыл осы тарихи оқиғаға 120 жыл толып отыр.

Бұл петиция – Ресей империясының билігіне жолданған тұңғыш маңызды саяси құжат ретінде тарихта қалды. Құжатта қазақ халқының отарлық езгіге қарсы көзқарасы мен әділеттілікке деген ұмтылысы нақты әрі батыл түрде көрсетілді.

Қандай талаптар қойылды?

Қарқаралы петициясында мынадай негізгі мәселелер көтерілді:

  •  Қазақ жеріндегі әкімшілік басқару жүйесін реформалау;
  • Азаматтық және сот істерін ана тіліміз — қазақ тілінде жүргізуді заңдастыру;
  • Отарлық басқару аппаратындағы шенеуніктер санын қысқарту;
  • Мемлекеттік Дума мен жоғарғы билік органдарына қазақ өкілдерінің сайлануын қамтамасыз ету.

Петиция тек Ресей патшасының атына жолданып қана қойған жоқ. Оның көшірмелері «Сын Отечества» мен «Русские ведомости» секілді ресейлік басылым редакцияларына да жіберіліп, қазақ халқының үнін орталыққа жеткізу көзделді.

«Қазақтардың мүддесін кім қорғайды? Олардың мұң-мұқтажын кім біледі, халықтың өзі сайлаған өкілдері болмаса... Патша Ағзам, Сізден басымызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз. Мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі...»— деп жазылған петицияда.

Петицияға кімдер қол қойды?

Бұл саяси бастаманың басында сол кездегі бірнеше болыстың беделді азаматтары тұрды. Атап айтқанда:

  • Абыралы болысынан — Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов;
  • Ақбота болысынан — Жүсіп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев;
  • Бөрілі болысынан — Толмұхамет Алтынторин, Рақия Сатпаев;
  • Дегелең болысынан — Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов;
  • Темірші болысынан — Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов.

Олар бастаған мыңдаған адам бұл тарихи құжатқа қол қойған.

Қарқаралы петициясы – қазақ халқының саяси көзқарасының қалыптасып, ел тағдырына бейжай қарамай, еркіндік пен теңдік жолында заңды түрде талап қоя бастағанының айқын дәлелі. Бұл тарихи құжат – бүгінгі демократиялық қоғамдағы азаматтық ұстанымның, ұлттың саналы өрлеуінің бастауы болды.

Comments