Қарағандыда кәріз құдығынан екі жұмысшының денесі табылды

1032
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3yKSF0whorHPb2ToDcp6v6NaNSeSSWc3NjCuQhT9.jpg

Қарағанды қаласында кәріз құдығын тазалау кезінде екі жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «КТК» телеарнасына сілтеп.

Қайғылы оқиға кезінде коммуналдық қызметтің төрт жұмысшысы құбыр құдығын тазалау үшін оқиға орнына барған. Алғашқы болып құдыққа түскен жұмысшы есінен танып құлаған. Оны көрген әріптесі артынан түсіп, көмек көрсетуге тырысқан. Алайда, екеуі де тұншығып, құдықтан шыға алмай қалды. Олардың жасы — 29 және 46 жаста. Екеуі де тәжірибелі мамандар болған: бірі 6 жыл, екіншісі 24 жыл слесарь қызметін атқарған.

Алдын ала болжам бойынша, жұмысшылар метан газынан уланған. Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, еңбек инспекциясы тексеру жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар, полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

«Қарағанды су» компаниясының бас директоры Ербол Төлеуов марқұмдардың отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

"Компания тарапынан қолдау болады. Қайтыс болғандардың отбасына жан-жақты көмектесеміз. Қазір төленетін қаражаттың мөлшерін анықтап жатырмыз. Бұл — бізде алғаш рет болған қайғылы жағдай. Марқұмдардың туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", — деді Төлеуов.

Comments