Келіскен Ресей қаржыға қауқарсыз болып шықты ма? Қазақстан Көкшетауда өз бетімен ЖЭО салуға кірісті

2203
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/X98NWTJuKl2GBv3WzI6fpmsOjFBZbN52NpWFjmal.jpg

Қазақстан Көкшетауда ЖЭО құрылысын Ресейден қаржыландыруды күтпестен өз бетімен бастап кетті. Бұл туралы баспасөз конференциясында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ресейлік тараптың жобаны қаржыландыруда қиындықтарға тап болғанын айтқан болатын.

«Үш ЖЭО бойынша бастапқыда ресейлік әріптестермен бірлесіп іске асыру нұсқасы қарастырылған еді. Алайда Ресей тарапынан субсидияланған арзан қаржыландыруды ұсыну бойынша нақты ақпарат түскен жоқ. Сондықтан Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын біз ешкімге жүгінбей, өз күшімізбен бастадық. Құрылыс жұмыстарын «Самұрық-Энерго» жүргізуде», — деді Бектенов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Ресейден Өскемен мен Семей қалаларында салынатын қалған екі ЖЭО-ны қаржыландыру бойынша жауап күтіп отыр. Егер жақын арада жауап болмаса, бұл жобаларды да ел өз күшімен іске асыратын болады.

Бұған дейін Қазақстан Ресеймен бірлесіп Семейде (360 МВт), Өскеменде (360 МВт) және Көкшетауда (240 МВт) үш көмір ЖЭО салуды жоспарлағаны хабарланған. Кейін Ақмола облысының әкімдігі Көкшетаудағы жаңа ЖЭО құрылысын Зеренді ауданына көшіру туралы шешім қабылдады.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, жобаларды жүзеге асыруға бас мердігер ретінде Ресейдің «Интер РАО» компаниясын тарту жоспарланған. Қазақстан Энергетика министрлігі жобаларды қаржыландырудың негізгі нұсқасы ретінде Ресей үкіметінің субсидияланған несиесін қарастырғанын мәлімдеген. Алайда биылғы мамырда Вице-премьер Роман Скляр ЖЭО құрылысын жүргізуге және жабдық жеткізуге арналған жеңілдетілген экспорттық қаржыландыруды алу мәселесінде қиындықтар туындағанын айтқан. Егер ресейлік тарап жабдықты жеткізуге қажетті қаржыны бөле алмаса, Қазақстан жаңа инвесторлар іздейтінін мәлімдеген.

Comments