Әмірлік аймағында. Министр мойындалмаған елге сапарлады

1658
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/v090u6wbvZiih8XkktAi3mEaLufUu068Q0hii7X5.jpg

Ауған тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Ауғанстанға барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сапар барысында Мұрат Нұртілеу Ауғанстан премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Абдул Ғани Барадармен кездесті. Екіжақты келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, транзиттік және аграрлық салалардағы, сондай-ақ геобарлау мен цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Мұрат Нұртілеу Ауғанстанды Орталық Азия өңірімен тарихи және географиялық тұрғыдан тығыз байланысты мемлекет ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол сондай-ақ елдер арасындағы сенім мен әріптестікті одан әрі нығайтуға Қазақстан мүдделі екенін білдірді.

Өз кезегінде Абдул Ғани Барадар Кабул мен Астана арасындағы серіктестікті кеңейтуге зор әлеует барын айтты. Ол бірлескен инфрақұрылымдық жобалар арқылы Ауғанстанда жаңа жұмыс орындарын құруға үміт артатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы теміржолды салу және пайдалану бойынша негізгі қағидаттар туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Еске сала кетейік, Ауғанстандағы қазіргі билік халықаралық деңгейде толық мойындалмаған. Тек биылғы жылдың шілде айының басында ғана Мәскеу билігі Ауғанстан ислам әмірлігін ресми түрде мойындады. 

Comments