Тарихнама тарихы сарапталды

2331
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Q4SbFVuvCgbahkpfpfMcr2cKg3N2hWTiG0ZPt0qG.jpg

Бүгін «Егеменді Қазақстан» газетінде ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е. Қариннің «Ұлы дала көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақаласы жарияланды. Мақала оқырмандар және ғылыми зерттеушілер тарапынан зор қызығушылық танытуда. Ол несімен маңызды? Осыны сараптап көрейік...

...Тарих  – адамзат пайда болғаннан бергі қалыптасып келе жатқан қоғамның эволюциясы, адамзат қоғамының бүгінгі күнге дейінгі қалыптасуы мен дамуының жалпылама картинасы, реалды өмір сүруінің нақты дәлелдемесі мен айғағы екендігі сөзсіз. Дегенмен, тарихи жады адамзаттың саналы өмір кешіп, қоғамдық өзіндік сананың қалыптасу кезеңінен бастау алады. Тарих – жеке дара оқшау өмір сүретін адамдардың тіршілігін емес, тұлға мен қоғам тұтасқан адамзаттың ғұмыр кешуін саралайды. Әрине, адамдар тарихты жасау үшін қауымдасқан жоқ, бірақ, қауымдастықтың бүгінгі күнге дейінгі эволюциясы тарихты құрайды. Демек, тарих – адамзаттың қауымдасып қана өмір сүре алатынының куәсі, басқа екінші жол – жоқ. 

Бірақ тарих туралы айтқанда,   «тарих ғылымын», «тарих пәнін», «тарихтың өзін», «саяси идеологиялық тарихты» т.б. ажыратып қарастырған жөн (кейбір көзқарастар бұларды араластырып жібереді).  Мәселен, тарих ғылымы тарихтың өзін тек өткеннің оқиғаларының тізбегі емес, көпқызметті, көпқұрылымды қазіргі заманға  қажетті әлеуметтік институт ретінде қарастырады.  

Тарихты оқып білудің (тарих пәні) алғышарттары: тарихи жады, тарихи прогресс, тарихи қажеттілік т.б. құрылымдардан тұрады. Яғни,  Тарих – жалпыадамзатқа ортақ оның генезисінен бастау алатын бүгінгі күнге дейінгі эволюциясының үздіксіз келбеті. Ол қашанда адамдық-әлеуметтік сипатта болғандықтан, бүткіл адамзаттың даму жүйесі осы тарихқа келіп бірігеді. Адамзат қандай-ма тайпа, ұлт, этнос, мемлекет болмасын тарих кеңістігінің субьектісі. Олар тарихты жасай отыра, тарихи жадыны қамтамасыз етеді, тарихи прогресс пен қажеттілікті қажетсінеді. 

Өткеннің адамзаттық ортақ тәжірибе екендігіне сөзсіз мойынсұнылады, процестің әрбір субьектісі тарихи прогрестен оқшау бола алмағандығын және бола алмайтындығын түйсінеді. Әрбір мемлекет өзінің өткенін үнемі есіне ұстайды, тұтас адамзат ілгерілеген сайын заманының жақсарғанына көз жетеді де, болашақтағы прогресс құбылысын теріс көрмейді. 

Біздің қазақ халқының академиялық тарихы  осы соңғы ұлттық тарих жазылғанға дейін бұрын-соңды толыққанды шынайы мәнге ие бола алмады, көп жағдайда, орыстандыру мен вестернизацияның ықпалында болды. Дегенмен,  тәуелсіздік алғаннан кейін бірте-бірте шынайылыққа қарай бет түзеп келеді.  Е. Қарин де өзінің «Ұлы дала көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақаласында атап өткендей,  жалған тарихтан  таза ақиқатқа қарай бетбұрыс беталыстары бірнеше кезеңдерден өткен. Ол да жай кезеңдер емес, қаншама қиыншылықтар мен Кеңес Одағы тұсында тарихшыларды қудалауларды бастан өткеріп барып, күрес арқылы келе жатқан ұмтылыс. Бүгінгі таңда әзірге соңғы ұлттық тарихты жазу 7 томдықпен тиянақталды.  Бірақ, жоғарыдағы мақалада айтылғандай, «Әрине, басқа ғылымдар секілді тарих ғылымы да бір орында тұрмайды. Жеті томдықты төрт құбыласы түгел, сан мың жылдық шежіреміздің ұңғыл-шұңғылы тегіс қамтылған, ешбір кемшіліксіз еңбек деп түбегейлі баға беруге қақымыз жоқ».

Бұл тек тарихқа ғана қатысты емес, неорационалистер тұжырымдағандай, білім дамуындағы идеялар ғана емес, парадигмалардың ауысуы мен ғылыми жаңалықтар сол нақты бір бағытта аяқталып қалмайды, ол шексіз жетіле беруі тиіс, түпкілікті аяқталған тұжырымдама да болмайды.   

Ұлттық тарихты жазудағы ең басты ұстаным ол – шынайлық. Гегельдің ойынша, тарих философиясы тарихты «қалай болған, солай айғақтар мен оқиғалар» бойынша зерттеу керек, ешқандай да ойдын шығарылған априорилар болмауы тиіс. Сондықтан, бұған жету үшін ақыл үнемі жұмыс жасауы тиіс. 

Біздің Қазақстанда ұлттық тарихтың әдіснамасы мен оны жазудың философиялық әдіснамасы толыққанды құрылған жоқ (дамымай қалған бағыттардың бірі), әрине, әлемдік масштабта  да, тарих философиясы белгілі бір деңгейде жетілгенмен, оның баяндау технологиясында нақты, қатаң ұстанымдар белгіленбеген, тіпті, ғылым этикасы бойынша да тарихты бұрмалау, жалған тарих жасау «айыпталмайды».  Люсен Февр мен Марк Блок негізін салған «Анналдар» журналы негізінде қалыптасқан ХХ ғасырдағы еуропадағы тарихи бағыттардың бірі – «Анналдар» мектебінде  жалған тарих жазылғанның өзінде, ол «не үшін және кімге керек» екендігі талқыланды. Ал КСРО кезіндегі біздің жалған тарихтың жазылу себебі айқын. «Ұлы дала көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақалада тарихты жазудың жалпы әдіснамалық-әдістемелік жақтарына да назар аударылады. Біз тарих туралы мифтерден қашып, жаңа мифтер құруға ұмтылмауымыз қажеттігі  нақты айтылады: «Біріншіден, тарих, ең алдымен, ғылымға негізделіп жазылуға тиіс. Қандай да бір мифті жоққа шығарамыз, онымен күресеміз деп екінші бір мифологияға жол бермеуіміз керек».

 Яғни, демифологизация-ремифологизация жүргізілмеуі тиіс. Тарих  ащы шындықтың де бетіне тура қарауы керек. Кей тұстарда, біздің  кейбір тарихшылар шындықтан гөрі идеологияға ойысатындығы жасырын емес: Ресей отаршылдығының кейбір тұстарына баса назар аудармау, арабтардың түркі даласына ислам дінін қанды жорықтармен таратуға деген ұмтылыстары, хандар мен билер арасындағы алауыздықтар, күні кешегі Кеңестер Одағы дәуіріндегі зиялылардың өзара «сатқындықтары» т.б. 

Тарих пәнінің  - тәрбиелік,  сабақ алу, өнегелік т.б. бірнеше функциялары бар.  Соның бірі – ұлттық бірегейлікті нығайтумен қатар, қазіргі қазақ халқы үшін қажетті деколонизациялық функциясын арнайы институциялау қажет. Яғни, тарих туралы баяндаулар мен талқылауларда осы бағытты арнайы қолға алатын стратегиялық құрылымдарды да жүзеге асыруға тиіспіз.  

Тарихи қажеттілік заңдылылығы  жекелеген мемлекеттерді де әлемдік өркениетке енуге ерікті-еріксіз түрде жетелеп отырады. Тарихтың да қателесуі ықтимал әрине, бірақ тарихи тәжірибе одан сақтанудың бірден-бір жолы болып табылады. Мәселен, Кеңестер Одағы тарихтың қателігі, болашақта оған қайтадан жол ашылса, ешбір халық оған саналы, ерікті түрде бармауы ықтимал.  Егер де, Т.Мор мен Т. Кампанелланың  утопиялары сол кезеңде іске асса, тарихи қателікке ұшыраса, одан кейінгі Кеңестер Одағы мұндай қоғам құрмас еді деп те пайымдалады. Бұл тарихтан сабақ алу мен оның өнегелілік қызметі, ендеше, біз де ұлттық тарихымыздағы олқылықтар мен келеңсіз оқиғалардан, қателіктерден үнемі сабақ алуымыз керек.  

Қоғамдық санамызда құлдық психология ықпалынан қалыптасқан «өзін-өзі қор санау», «өзгелерден төмен қою» (әсіресе, орыстардан, еуропалықтардан) стереотиптері әлі түбегейлі жойылып кеткен жоқ.  Ал тарихымыздағы өркениеттік жетістіктерді мақтаныш ету айып пен даңғазалық емес, осы кемістік кешендерінен (комплекс неполноценности) арылудың құралы болуы тиіс. 

Берік Аташ – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұстазы

Әбдірашит Бәкірұлы – «Қазақ әлемі» қоғамы жетекшісі, философ

Comments
Other materials