Президент Тоқаев Трамптың баж салығына қатысты хатына жауап берді

1921
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/suoK7AoN6PMhDOBlU09XbyYWzrEJoHYg1iH08gJ7.webp

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын енгізу туралы хатына ресми жауап жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысы өз жауабында Қазақстанның АҚШ-пен арадағы бұрыннан қалыптасқан сенімді сауда және инвестициялық әріптестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Президент Тоқаев екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың әділ, ашық әрі өзара тиімді негізде дамуы қажет екенін айтты.

Президент Қазақстанның сауда мәселелері бойынша конструктивті диалогқа ашық екенін білдіріп, барлық шешімдер рационалды негізде қабылдануы керек екенін жеткізді.

 “Біз сауда саласындағы кез келген түйткілді ортақ мүдде мен тең құқылық қағидаттары негізінде шешуге болады деп санаймыз. Қазақстан АҚШ-пен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға бейіл,” – делінген Тоқаевтың жауабында.

Мемлекет басшысы сауда саласындағы проблемаларды бірлесіп шешу арқылы ортақ мәмілеге келуге болады деген сенім білдірді.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25% көлемінде кедендік баж салығын енгізетінін айтқан еді.

Comments