Жаркенттегі капитан өлімі. Қылмыстық іске қатысты сот отырысы өтіп жатыр

1246
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Жаркент гарнизонында 26 жастағы инженерлік қызмет капитаны Дархан Дәулеттің өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың қараша айында болған. Тергеу мәліметінше, №74261 әскери бөлімінің барлау-шабуыл батальонының сарбаздары капитанды "бөгде адам" деп қабылдап, оны ұрып-соғып, тұншықтырып, спорт алаңына апарып, қараусыз қалдырған. Кейін офицердің денесі табылып, медициналық сараптама оның тұншығу салдарынан көз жұмғанын анықтаған.

Сотта белгілі болғандай, сарбаздарға бұл тапсырманы батальон командирі, майор Дархан Қазтай берген. Ол жоғары басшылықпен келіспей, сарбаздарға кез келген адамды ұстауды және қарсыласқан жағдайда күш қолдануды бұйырған. Сарбаздардың айтуынша, олар әрекеттерінің салдарын толық түсінбеген және қасақана өлтіру ниеттері болмаған.

Мемлекеттік айыптаушылар майор Қазтайға 16 жыл, үш сарбазға 12-13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.

Оқиғаның салдарынан бөлім командирі Ернат Төлеуғұлов қызметінен босатылды. Бірнеше офицер ауыстырылды, сондай-ақ Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіпов те орнынан кетті.

Әскери прокурорлар бұл қайғылы жағдайға бөлімдегі бақылаудың жоқтығы, тәртіптің сақталмауы және немқұрайлық себеп болғанын атап өтті.

"Әскер — заң мен тәртіп орны. Командирлердің жауапсыздығы мен жүйедегі олқылықтар қайғылы жағдайға ұласты. Енді сот әділ шешім шығаруы тиіс", — делінген хабарламада.

Comments