21 маусым күні Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Қарқара жайлауында дәстүрлі “Қымызмұрындық–2025” мәдени шарасы мен республикалық деңгейде өткен «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі өтті. Шараға онға жуық елден 10 мыңнан астам адам жиналды.
Көшпенділердің өмір салты мен төл мәдениетін көріп, сезінгісі келетіндер үшін бұл күн – ерекше әсерге толы болды. Қарқара жайлауы нағыз көшпенділер астанасына айналды. Жайлау төріне 50-ге жуық киіз үй тігіліп, ұлттық киімдегі қыз-келіншектер қымыз сапырып, қонақтарды салт-дәстүрге сай қарсы алды.
ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ — ДӘСТҮРДІҢ ОРАЛУЫ
Қымызмұрындық - биені байлап, маусымдағы алғашқы піскен қымызды ауыл-аймаққа ұсыну дәстүрі. Қарқарадағы қымызмұрындық соны жаңғыртып қана қоймай, ұлттық бірлік пен мәдени мұраны дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
Шара аясында жайлауға келген халыққа 1000 литр қымыз тегін таратылды. Жергілікті тұрғындар дайындаған бал татыған сусын жұртты тәнті етті. Қымызбен бірге ұлттық тағамдар ұсынылып, этнографиялық көрмелер ұйымдастырылды.
Ұлттық мереке аясында жайлау төрінде өткен іс-шараға келген Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан танданысын жасыра алмады. Оның айтуынша, қымызмұрындық тек мәдени мұраны ұлықтау емес, сонымен бірге ұлттық иммунитетті сақтау мен туристік әлеуетті арттырудың маңызды құралы.
“Тәуелсіздік алғаннан кейін қымызмұрындық дәстүрі еліміздің түрлі аймақтарында қайта жаңғырып келеді. Соның ішінде Қарқара жайлауында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Біз бұл игі істің бастау алған сәтінен бастап куәсі болып келеміз. Бұл тек Кеген ауданы не Алматы облысы ғана үшін емес, республика көлемінде маңызды, көп қырлы шара.
Биылғы қымызмұрындыққа еліміздің түкпір-түкпірінен тарихшылар, ғалымдар, өнер иелері, балуандар, атбегілер, зиялы қауым өкілдері бас қосып, осы Қарқара жайлауында мерекені атап өтті. Қарқара – қазақтың ең ұлы, ең байтақ жайлауларының бірі. Бұл өңірде өтетін бұл шара жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп, үлкен ұлттық жәрмеңкеге айналып келеді”, – деді Жанарбек Әшімжан.
«БҰЛ – ҚАЗАҚТЫҢ БОЛМЫСЫ»
Сонымен қатар, ол бұл мерекенің идеологиялық маңызын да ерекше атап өтті. Жаһандану заманында ұлт ретінде сақталудың басты жолы – дәстүр мен тарихи жады екенін айтты.
”Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, жаһандану дәуірінде әртүрлі бөтен идеологиялар, жат пиғылдар біздің санамызға, тұрмыс-тіршілігімізге еніп жатыр. Мұндай жағдайда ұрпағымызды ұлттық тәрбие арқылы, ата-бабадан жеткен салт-дәстүр арқылы тәрбиелеу маңызды. Біз қымызмұрындық арқылы балуан күрестіреміз, құс салдырамыз, ат баптаймыз, жылқы өсіреміз, қой бағамыз – бұл қазақтың болмысы.
Бүгінгі жәрмеңкеде соның бәрі көрініс тапты. Сондықтан менің ойымша, бұл шара тек мәдени іс-шара ғана емес, ұлттық иммунитетті қалыптастыратын, әрі болашақта экономикамыздың бір тірегіне айналатын үлкен жоба. Бұл — халқымыздың өз тарихына, өз тамырына қайта оралуының, ұлттық сананың жаңғыруының көрінісі. Мұндай бастамалар — нағыз идеологияның алтын діңгегі”, - деді депутат.
«ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚТЫ ҰЛТТЫҚ БРЕНДТКЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК»
Шараға алғаш келген кәсіпкер Сырымбек Тау да өз әсерімен бөлісті.
“Қымызмұрындыққа алғаш рет келуім. Бұрын-соңды естігенім болмаса, қатыспаппын. Үш-төрт жыл бұрын таныстарым айтып жүретін. Осы жолы арнайы Семейден келдім.
Ашығын айтсам, қымызмұрындық дәстүрі туралы бұрын онша білмейді екем. Қымызды іштім, жақсы көремін, бірақ бұл дәстүрдің мән-маңызы терең екенін енді ғана түсініп жатырмын. Ағаларымыз айтып берген соң барып мән беріп, бағасына жеттім. Осындай кең далада, үлкен көлемде ұлттық дәстүріміз ұлықталып жатқанына қуаныштымын. Бұл – біз үшін үлкен құндылық. Қателеспесем, қымызмұрындық дәл осылай кең көлемде тек осы өңірде өтетін сияқты”, – деді ол.
Сонымен қатар ол қымызмұрындықты ұлттық брендке айналдыруды ұсынды.
“Менің ойымша, біз қымызды неғұрлым кеңінен насихаттасақ, ол соғұрлым қазақтың төл өнімі ретінде таныла түседі. Қымыз тек қазаққа ғана тиесілі емес, оны басқа да халықтар ішеді. Бірақ біз сол арқылы өзіміздің ұлттық брендіміз ретінде дәріптеуіміз керек.
Қымызмұрындықты тек бәйге, күреспен шектемей, үлкен деңгейге шығарған жөн. Мысалы, "Бүркітшілер тойы" сияқты халықаралық іс-шараларға қаншама турист келеді. Сол сияқты қымызмұрындықты да әлемдік деңгейде ұйымдастырып, шетелдік танымал тұлғаларды шақырсақ, туризмге де үлкен үлес қосар едік. Қымыздың "көкесі" осы кезде, осы өңірде деп көрсететіндей етуіміз қажет”, – деп пікір білдірді Сырымбек Тау.
Қолөнер шеберлері де бұл күнді бос өткізген жоқ. Жәрмеңкеде күмістен жасалған әшекейлер, киізден, теріден тігілген бұйымдар сатылымға шықты. Туристер мен қонақтар бұйымдардың қолмен жасалған сапасына ерекше қызығушылық танытты.
Қымызмұрындық барысында ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтті. Қара тас көтеру, арба сүйреу, қой көтеру сияқты қазақтың ежелгі күш сынасу ойындары көрерменнің ықыласына бөленді. 85 келіден асатын қойды көтеру жарысында қайрат пен шеберлік сынға түсті.
Сонымен қатар, дала театры қойылып, көшпенділер өмірінен көріністер сахналанды. Батырлар мен аңшылар, сал-серілер мен абыздардың бейнесін сомдаған әртістер Қарқараны ашық аспан астындағы театр алаңына айналдырды.
“ЖОЛАН ЖҮЙРІГІ” — ТҰЛПАРЛАР ДОДАСЫ
Шараның шарықтау шегі — республикалық деңгейде ұйымдастырылған “Жолан жүйрігі” ат бәйгесі болды. Бұл жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен және Қырғызстаннан келген 150-ге жуық жүйрік қатысты.
Аламан бәйгеде (31 шақырым) Жамбыл облысынан келген Айдар Нұрмұхаметовтың "Айбалта" атты сәйгүлігі мәреге бірінші келіп, Changan кроссоверін*жеңіп алды. Шабандозы — Мейір Дәулетбай.
Екінші болып мәре сызығын кескен — Қырғызстандық шабандоз Манас Замирбеков тізгіндеген "Қарагер". Бұл ат иесі Шаабиден Тоқтосартовқа 2,5 миллион теңге табыс әкелді.
Үшінші орын — "Отырар" атты тұлпарға бұйырды. Шабандоз Арыстанбек Аңсар, ат иесі — Балқаш ауданынан келген Сапарғали Сатпаев. Жүлде қоры – 1 миллион теңге.
Ал топ бәйгеде (18 шақырым) Талғар ауданынан келген "Қалқаман" атты тұлпар топ жарды. Шабандозы — Амангелді Нұрислам, иесі — Мағауия Қазбеков. Жүлде ретінде Changan көлігі табысталды.
Сондай-ақ, "Мамайқара" атты тұлпармен Қарасай ауданынан келген Мерей Ғарипуллин мен ат иесі Секенай Бөбекбаев 1 миллион теңге жүлде жеңіп алды. Райымбектен келген Раян Тілеубай "Мердес" атымен шауып, 700 мың теңгені еншіледі.
Құнан бәйгеде (9 шақырым) Қырғызстандық Арсен Болотбеков пен оның "Роки" атты тұлпары 2 миллион теңге жүлдені иеленді. Алматы қаласынан келген Айбатыр Сейтботқалов пен ат иесі Ертай Құрманғалиев 1 миллион теңге жүлде ұтып алды.
«БҰЛ – ТОЙ ЕМЕС, МАҒЫНАЛЫ ЖИЫН»
Шара соңында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев барлық қатысушылар мен қолдау білдірген азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дейді халқымыз. Бұл – үлкен шара да сондай бірігудің нәтижесі. Іс-шара Марат Елеусұлының қолдауымен және халыққа салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл – тек қана той емес, шын мәнінде мағыналы жиын. Салт-дәстүрмен жалғасқан ауыл шаруашылық көрмелері, қолөнер шеберлері, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениетімізді насихаттау, ұлттық спорт түрлерін қолдау бағытында үлкен мерекелік шара өтті”, – деді ол.
Әкімнің айтуынша, шара бюджеті тек мемлекет есебінен емес, аудан әкімдері мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы жүзеге асқан. Ал мәдени және спорттық бағдарламалар үшін арнайы басқармалар тарапынан қолдау көрсетілген.
“Биылғы ерекшелік – жыл өткен сайын шараның ауқымы кеңейіп келеді. Қолөнер шеберлерінің, этномәдени орталықтардың, ұлттық ойындардың саны артты. Туризмді насихаттап жатқан кәсіпкерлердің де еңбегі көрініп тұр. Бұл – қымызмұрындықтың тек той емес, идеологиялық, экономикалық, мәдени жобаға айналғанының дәлелі”, – деп атап өтті әкім.
Келер жылға арналған жоспар да – ауқымды. Кеген табиғаты мен жайлауының мүмкіндігі мол екенін айтқан әкім алдағы уақытта Қарқара мен Жылқы ауылы, Тұйық өзені маңындағы инфрақұрылымның дамитынын атап өтті.
“Қымызмұрындық келесі жылы бұдан да кең көлемде өтеді деп сенеміз. Бұл жолғы ұйымдастырылған шара – соның бастауы, алғышарты. Біз тек Қайыңды мен Көлсаймен шектелмейміз. Райымбек жерінің әрбір тасы мен сайы – тарих пен табиғаттың сыйы. Біз соны көрсетуіміз керек. Ал бұл шара – соның жарқын көрінісі”, – деді аудан әкімі.
Қарқара жайлауында өткен бұл ауқымды шара – ұлттық рухтың, тарихи жадымыздың және мәдени мұрамыздың бір арнада тоғысқан көрінісі. Қымызмұрындық пен ат жарысын тамашалаған мыңдаған адамның көңілінде көшпенділер мәдениетіне деген құрмет пен мақтаныш сезімі қалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі этнофестивальге айналуы мүмкін