2025 жылдың 20 маусым күні Алматы қаласында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен «Қаныш Сәтбаев және қазақ руханияты» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция аясында белгілі ғалым, академик, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың академиялық бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері рәсімі жасалды.
Бұл маңызды басқосу – ұлт руханияты мен ғылымының тарихындағы айтулы оқиға. Қаныш Сәтбаевтың мұрасын жүйелеп, жаңа ғылыми айналымға енгізу жолында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындаған бұл еңбек – академиялық деңгейдегі мазмұнды, салмақты жинақ. Онда ғалымның геология-минералогия салаларындағы зерттеулерімен қатар, публицистикалық және ғылыми мақалалары, сирек кездесетін суреттері мен мұрағаттық құжаттары топтастырылған.
Тұсаукесерге еліміздің ғылым, білім, мәдениет саласының танымал өкілдері, ғалымдар мен зерттеушілер, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізді. Кенжехан Ісләмжанұлы «Ұлттық рухты өрлеткен ұлы тұлға» атты кіріспе сөзінде Қаныш Сәтбаевтың ұлттық рухты биіктеткен тұлғалық болмысына кеңінен тоқталып, ғалымның қазақ әдебиетіне, әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі туралы жан-жақты баяндады.
Сонымен бірге академиялық жинақтың ерекшелігі мен ғылым үшін маңызын атап өтті.