Астанада апатқа ұшыраған ұшақ аэродромда сақтау мақсатында тұрған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы «Авиациялық оқу орталығы» ЖШС-нің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Жоламан аэродромы маңында апатқа ұшыраған UP LA 161 типіндегі әуе кемесі компанияға тиесілі емес. Аталған әуе кемесі аэродром аумағында тек сақтау туралы келісімшарт негізінде орналастырылған. Келісім оның иесі Қасенов А.Қ. мен аэродром әкімшілігі арасында жасалған», - делінген ресми хабарламада.
Компания бұл ұшаққа операциялық немесе техникалық бақылау жүргізбегенін атап өтті.
«Ұшуға дайындық пен брифингке өтініш беру сияқты барлық ұшуға дейінгі әрекеттерді ұшқыш өз бетімен орындаған», - дейді компания өкілдері.
Сонымен қатар, ұшақ бортында болғандардың бірі «Авиациялық оқу орталығының» қызметкері екені нақтыланды. Ол бұл ұшуға жұмыс міндетінен тыс, жеке бастамасымен қатысқан.
«Ұшу әуе кемесінің иесінің бастамасымен жүзеге асырылды және компанияның операциялық қызметіне еш қатысы жоқ. «Авиациялық оқу орталығы» ЖШС қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына шын көңілден көңіл айтады», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада Жоламан аэродромы маңында жеңіл моторлы ұшақ құлап, екі адам қаза тапқаны хабарланған болатын.
Residents of Almaly district submitted 42 applications for the project "Budget with People's Participation".