– Сол қиындықтарды талдықорғандықтар қалай еңсеріп, халық тығырықтан қалай шықты?
– Мұнда көп нәрсе басшыға да байланысты ғой. «Ел болам десең, алдымен бесігіңді түзе» деген. Ел егемендік алып, жаңа еңсе тіктей бастаған сәтте Талдықорған қаласының алғашқы тізгінін Аманғазы Шегіров ұстады. Дәл сол тұста партия тарап, халық жан-жаққа көшіп кетіп жатқан. Ал облысты Сағынбек Тұрсынов деген азамат басқарып, кейін Серік Ахымбеков келді. Жасырары жоқ, Аманғазы Ахметқалиұлы қалаға қарасты көптеген нысандарды аман сақтап қалуға тырысып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның мәртебесін көтеруге көп күш салды. Соның нәтижесінде бұрынғы Кеңес өкіметінен келе жатқан орыс тіліндегі іс құжаттар түгелдей мемлекеттік тілге көшіріліп, қаладағы көптеген көше атаулары бір-ақ күнде қазақшаланды. Бұрын болмаған қазақ мектептері ашыла бастады. Тіпті, өзге ұлт өкілдерінің өзі жаппай мемлекеттік тілде сөйлеуге бет бұрды. Кейін заңда орыс тілі қатар қолданылады деген тармақ енген соң қазақ тілінің алдыңғы қарқыны шектеліп қалып қойды. Нақтырақ айтсақ, бүкіл қала жарықсыз, сусыз қалып, халық азық-түлік тапшылығына тап болғанда да еш мойымады. Біздің халық баяғыда жер аударылып келген қаншама өзге ұлт өкілдерін өз құшағына сыйғызып, қамқорлық көрсеткен еді ғой. Тоқырау жылдарындағы қиындықтарды дәл сондай береке-бірлігінің арқасында еңсерді. Міне, содан бастап, бүгінге дейін аймақтағы жыл еткен әрбір жаңалықты жария етіп, ауыл-аймақтарды ақпараттандыруда басқа емес «Талдықорған» газетінің қосқан үлесі өлшеусіз.
– Енді өзіңіз алғаш уығын шаншыған «Талдықорған» газетінің тарихы туралы айта кетсеңіз?
– «Талдықорған» газеті қала әкімдігінің ел Тәуелсіздігіне сыйлаған алғашқы тамаша тартуы болып еді. Өйткені, одан бұрын шаһар тарихында ешқандай газет болмапты. Басылым сол тұстағы Талдықорған қаласының әкімі Аманғазы Шегіровтің тікелей бастамасымен құрылып, мені оған бас редактор етіп тағайындады. Осыдан соң әкімдік ғимаратынан арнайы орын бөлініп, басшыдан тазалықшыға дейін 43 адамдық ұжым бекітілді. Оның 20-ға жуығы журналист. Сонымен жұмыс басталып, 1992 жылы 2 наурызда газеттің тұңғыш саны жарық көрді. Осыдан бастап «Талдықорған» газеті халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, барын бағамдап, жоғын түгендеумен келеді. Басылым содан бергі 30 жылға жуық уақыттағы халық өмірінде үлкен рөл атқарды. Газет бетінде әр түрлі айдарлар арқылы ұлтымыздың ұмыт болып қалған салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, төл мәдениеті қайта жаңғыртылып, қасиетті дініміз бен ана тіліміз кеңінен насихатталды. Соның нәтижесінде Талдықорғандағы бұрыннан орысша аталып келген 26 көше қала әкімі Аманғазы Ахметқалиұлының қол қоюымен қазақшаланды. Қазіргі Абылайхан, Қабанбай, Жансүгіров, Біржан сал, Ақын Сара, Ескелді би, Балпық би, Гауһар ана көшелерінің атауы дәл сол тұста берілген. Осының бәрі шаһар әкімінің «қаланы түбегейлі өзгертіп, өркендету керек» деген тапсырмасына сай істелген игі істердің айғағы. Ол кезде газеттің жағдайына баса көңіл бөлініп, журналистердің баспана алуы, басқа да қиыншылықтары әкімдік тарапынан бірден шешілетін. Шынын айту керек, соңғы кездері журналистерге, газетке ешкім назар аудармай, Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда тілшілердің «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» болып келеді. Олай болмауы керек. Себебі, «Басылым – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынов. Сондықтан қала әкімдігі бұл басылымның тарихына зер салып, ондағы тынбай еңбек етіп келе жатқан тілшілердің әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлуі тиіс.
– Қазіргі қаланың дамуына көңіліңіз тола ма? Сөз соңында талдықорғандықтарға не айтар едіңіз? – Әрине, биыл Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толады. Бұдан сырт көптеген мерейтойлық шаралар бар. Бұрыңғы тоқырау жылдары мен салыстырғанда қазіргі аймақтың дамуының арасы жер мен көктей. Өйткені, ол кезде бұл қала бүгінгідей жасарып, жайнап өркендейді деп ешкім ойламаған. Тіпті, онда көптеген адамдар үйін, бар мүлкін тастап басқа аймақтарға көшіп кеткен. Кейін Талдықоған қаласы Алматы облысының орталығы болып бекітілген соң шаһардың бойына қайта қан жүгірді. Жаңа өндіріс ошақтары құрылды, ауыз су, жарық мәселелері біртіндеп оң шешімін тауып, көлік жолдары салынды. Білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауыл шаруашылығы, тағы басқа да әлеуметтік салаларға баса мән беріліп, аймақ жан-жақты дамуға бет алды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары қалада небір әсем ғимараттарға толы бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, жаңа саябақтар мен көптеген нысандар салынды. Зәулім-зәулім тұрғын үйлер ел игілігіне беріліп, тарихи қатты отын жағып келген тұрғындардың табиғи газ тұтынуына мүмкіндік туды. Осының барлығы өңірдің өркендету бағытында атқарылып жатқан ауқымды істердің жемісі. Сөз соңында айтарым еліміз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Алла тағала халқымызды осы бір әлемді шарпыған дерт-дербезден аман сақтап, қарқынды дами беруді нәсіп етсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Айдын КӘЛІМХАН