Тіл – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың бейнесі. Жалпы адамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлт тілінің ортақ нүктесі, негізгі байланысы осы тұста тoғысады. Кез келген ұлт өкілінің ойлау жүйесі, білім деңгейі, өмірге көзқарасы, менталитеті, дүниетанымы, болмысы бейнеленеді, тілде сақталады. Аталарымыздан аманат болып қалған ана тіліміз – қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге, көненің көзі мен тарихи түсінігімізді тереңнен жеткізуші негізгі құрал қызметін атқарады. Кез келген ұлттың тілі қоғамдық өмірмен етене байланысты, ол қатынас құралы болғандықтан, тілдің адамзат өмірінде, қоғамда алатын орны ерекше.
Тіл білімінің майталман ғалымы, академик Ә.Қайдар айтамыз өз сөзінде: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланысты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен айтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын қасиеті…тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» дейді.
Яғни, тіліміз болмаса, біздің рухани жаңғыруымыз бен мәдениетіміз дамымайды, белгілі бір белеске жете алмайды деген сөз. Өздеріңіз білетіндей, халықтың рухани күші – оның тілінде. Тіліміз дамымаған жағдайда, біздің рухымыз да, өзіндік күш-жігеріміз де дамымайды. Себебі, тілде ертедегі танымның ізі, ел жасаған парасаттың түбі жатыр, тіл - дыбыс таңба жүйесі ғана емес, тілдің сақталуы арқылы халықтың бүкіл ғұмырындағы таным-түсінігі ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. «Тілін білмеген түбін білмейді», «Өнер алды – тіл» демекші, дүниенің негізгі кілті – тілде, тілдің дамуы арқылы адам баласының дүниетанымы сатылы дамиды. Яғни ата-баба білігі балаға тіл арқылы дамып, болмыстың қасиеті мен белгілері терең танылады. Тіл – біздің ойымыздың негізгі құралы.
Адам баласының табиғаттағы заттар мен құбылыстарды тануы тек тіл арқылы ғана жүзеге асады десек, осы ойды жеткізетін таңба – жазу. Жазу – адамның ой-пікірін, хабарын, ақпаратын, мағлұматын таңбалар арқылы жеткізуді қамтамасыз ететін белгілер жүйесі. Қазақ тілінің қазіргі өркениеттіміз бен мәдениеттіміздің және ұлтымыздың қалыптасуында негізгі ұйыстырушы, ұйтқы болғандығы белгілі. Қазіргі қазақ тілінің қалыптасу тарихын, даму жолдарын зерделеу, оқып-үйрену – ұлттық, мемлекеттік, жалпы азаматтық міндет, парыз болуымен қатар, мәдениетіміздің келешектегі даму бағдарламаларын анықтауға септігін тигізер мүдделі қажеттілік.
Бабаларымыздың өткен тарихтағы асыл мұраларын танып білу іс-шараларында ескі қазақ тілінің жазба үлгілеріндегі материалдардың қолдағы барын игерудің, жоғын іздестіріп, ғылыми айналысқа тарту ісінің маңызы өте зор. Өкініштісі, ескі қазақ жазба тілінің XV-XVII ғасырлардағы жай-күйін танытатын жазба нұсқалардың көпшілігі бізге жетпеген, ал басым бөлігі түрлі объективті, іші-нара субъективті жағдайларға байланысты шетелдік мұражайлар мен кітапханалар қорында жатыр. Қазақ хандығы өз алдына шаңырақ көтеріп, қазақ мемлекеттігін жариялағанымен, олардың өмір-тіршілігі көбінесе тарихи-саяси тартыс, күрес үстінде болды. Қазақ жұрты талай шабуылға ұшырап, қазақ жерінің арғы шеті мен бергі шетіне үнемі көшіп жүргені тарихтан белгілі. Әсіресе, отырықшы халық пен отырықшы елдің мекенжайы болған қалалардың өзі жиі-жиі бір қолдан екінші қолға өтіп отырғаны тарихтан мәлім. Бұл жағдай қазақ халқының тарихи жазба мұраларын толығымен сақтауға, келешек ұрпаққа жеткізу мүмкіндігіне кері әсерін тигізді. Түркі тайпаларының, оның ішінде ескі қазақ тілінің ерекшеліктері V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей, одан кейінгі көне түркі, ұйғыр, араб жазулы және т.б. жазба ескерткіштерде сақталған. Әсіресе, шағатай тілінде орындалған деп танылып жүрген жазба ескерткіштерге қазақ халқы да ортақ тіл. Қазақ ру-тайпалары дербес мемлекет құрып, өмір сүре бастаған XV-XVI ғасырларда жазба дүиелердің қажеттілігі туды. Ол қажеттілік алдымен қазақтың хан-сұлтандарының өзге елдермен қарым-қатынас жасау саласында бой көрсетті. Сонан соң, жеке адамдардың немесе әулеттердің кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын танытатын шежірелер жазу дәстүрі болған.
Ескі қазақ жазба тілі – араб әліпбиі негізіндегі қазақтың ескі жазба тілі, шамамен, XV ғасырдан бастау алатын XX ғасырдың басына дейін қоғамда өз қызметін атқарды. Яғни, Қазақ хандығы ісқағаздары мен дипломатиялық, басқа ел өкілдерімен болатын қарым-қатынаста да қолданылды. Мұндай деректерді растаушы ретінде Қадырғали би Жалайыридің «Жамиғ-ат тауарихы», Әбілғазы Бахадүрханның «Шежіре түрік» атты тарихи жылнамаларын жатқызуға болады. Сонымен қатар, ескі қазақ жазба тілінің үлгілеріне Әбілхайыр ханның Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломатиялық жазбалары, Махамбет Өтемісұлы, Ш.Уәлихановтың хаттарының тілі және Абайдың қарасөз түріндегі шығармаларының түрін ескі қазақ жазба тілінің үлгілері деп тануға болады. Негізінен, ескі қазақ жазба тілінің нормалары XIX ғасырдың аяғына қарай сөйлеу тілінің ықпалына көбірек ұшырай бастады, халық тілінің элементтері біртіндеп ене бастады. Бұл кезеңдегі көш басындағы демократиялық бағыт ұстанған «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы және т.б. басылымдар қоғам үшін өте маңызды рөл атқарды. Ерекше атап өтсек, XX ғасыр басындағы көркем әдеби шығармалар тілінде сөйлеу тілінің нормалары анық байқалады, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де кездеседі. Қазақ қоғамы үшін ескі қазақ жазба тілінің сол кезеңдердегі мәдени-тарихи сипатының рөлі жоғары болды. Себебі, халықтың танымдық көзқарасын қалыптастыру, қоғамдық сананы ояту, ғылыми, құқықтық, эстетикалық түсінікті ажырата білу мен оны дамытудың тілдік құралы ретінде жұмсалғандықтан, ескі қазақ жазба тілі мәдени ұлттық тарихымызда ерекше қазына, құнды дүние екендігі анық.
Тіл білімінің майталманы, ғалым Р. Сыздықова өз сөзінде былай дейді: «XV-XVІІ ғғ. қазақ халқының мәдени өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан, пoэзия тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. ХV-ХІХ ғ.ғ. аралығында қалыптасқан кітаби жазба тіл бірте-бірте қазақыланып ХІХ ғ. аяғына таман жалпыхалықтық негіздегі жаңа жазба әдеби тілмен астасып кетті деп көрсетеді» [Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: «Ана тілі», 1993. –319 б.. 196].
Яғни, қазақ тілінің қалыптасу кезеңі көптеген тарихи дәуірлерді артқа қалдыра oтырып, қазіргі таңдағы сөздердің әдеби тіліміздегі қолданысына әкелді. Қазіргі қолданыстағы сөздердің шығу тегі мен даму кезеңін қарастырған кезеңде, негізінен ескі қазақ сөздерінің өмір сүру кезеңдерін көре аламыз. Олардың әрқайсысы қoғамдағы өзіндік міндет атқарған, алтын қазынамыз болып табылады.
Қазақтың ескі жазба тілі XV ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі кезеңде қызмет етті. Ескі жазба әдеби тіл бірдей болған жоқ, ХVІІІ ғасыр жазбаларында оның алдыңғы кезеңнен едәуір «қазақыланып», түркі әдеби тіл элементтері қазақтың ауызша әдеби тіліндегі тұлғаларымен ауыстырылып, халыққа түсініктілігі артты. Осы кезеңдегі әдебиет үлгілерінің тілін екі топқа бөлеміз: 1) қазақтың ауызша тараған байырғы төл әдеби тілі мен ұлттық әдеби тіліне негізделген үлгілер (ауыз әдебиеті, Абай, Ыбырайдың шығармалыры, екі тілдік сөздіктер, көпшілік қолды кітапшалар, миссионерлік әдебиет үлгілер); 2) қазақтың ескі жазба дәстүріндегі, яғни сол кезеңде қазақ топырағында «кітаби» тілдік үлгіде жазылған шығармалар (діни тақырыптағы кейбір қиссалар, ислам дінін уағыздайтын аудармалар, ресми кеңсе қағаздары, эпистолярлық үлгілердің тілдері).
Ескі қазақ тілін негізгі дәуірлерге бөліп қарастырамыз:
- Қалыптасу (ХIV-XVII)
- Даму мен жетілу дәуірі (XVII-XIX ғғ)
- Жаңа дәуір, яғни одан әрі өркендеген уақыты (ХІХ ғ.)
- Діни қиссалар («Зарқұм», «Жұм-жұма», «Сал-сал», «Кербаланың шөлінде», «Тамимдер», «Адам», «Хазірет Расулның Меғражға қонақ болғаны», «Бозжігіт»); Махаббат қиссалары («Таһир», «Үш қыз», «Жүсіп-Зылиха», «Қисса-и Рүстем»); Фольклорлық жырлар: («Ер Тарғын», «Қисса-и Алпамыс», «Қисса-и Қыз Жібек», «Қисса-и Айман-Шолпан»); Ерлік қиссалары («Қисса и Қожа Ғафан уа һәм Сәдуақас», «Қисса-и Серғазы»).
- Тöрт булуңдакы будуның коп баз қылтым төрт бұрыштағы халықты бәрін бейбіт қылдым (КТ 29, 30);
- ечүміз апамыз бумын қаған төрт будунығ йығмыс қысмыс йаймыс басмыс ол қан йок болтуқда кісре ел бітміс ычғынмыс қачышмыс… Ата – бабамыз Бумын қаған төрт бұрышты қысқан, жиған, жайған, басқан, ол хан жоқ болғаннан соң ел біткен, ышқынған (әлсіреген) (әржаққа) қашқан (О 1)
- Ajnalasï altï xan, töŋiregi tört xan, dünijeniŋ tört burïsïn bijlegen xan Айналасы алты хан, төңірегі төрт хан, дүниенің төрт бұрышын билеген хан (Қадырғали Жалаиридің Жамиғат-Тауарихы)
- Дүниенің төрт бұрычын билеген хан, халайықын әділлік білән сұрған хан, иетімлерге рахым қылыб, чығайларны тойдұрған хан (Дүниенің төрт бұрышын билеген хан, халқын әділдікпен ұстаған хан, жетімдерге рақым қылып, кедейлерді тойдырған хан) (Қадырғали Жалаиридің Жамиғат-Тауарихы).
- ТIРIК, ТIРIКЛIК(түрк.) – өмiр; тiрi болу; тiршiлiк ету. Дүниенiң тiрiклiгi бәрi мехнат, Әуре болып iздеме бекер аны («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.); Ризығы бiтiп адамның, ғұмыры қалса, Болады тiрiклiктiң жөнi қалай («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.); Ризығы бiтiп, адамның ғұмыры қалса, Тiрiклiгi бола ма дұрыс,—дейдi («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.).
- ТҮМЕН – он мың адам/әскер. Аттарынан жүз түмен құлағанлар, Көз жастарын сел қылып бұлағанлар. «Дариға, падишамыз не болды», - деп, Ойбайласып баршасы жылағанлар [«Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық, 138 б.]. Аталған сөз парсы және кейбір түркі тілдерінде «сансыз, он мың» деген мағынада ие. Алтайша тÿмен «сансыз көп, қыруар». Тіліміздегі Түменбай// Тұманбай, Түменов сияқты адам аттарының түбірі де осы түменмен төркіндес болу керек. Бүгінде «Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге» деген мақал құрамында сақталған.
- БҰҒАЗ – тамақ, мойын, бұғақ. Ол Намруд имансыздың атқан оғы Балықтың бұғазына келiп батты («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 122 б. );
- БАҒЫР – бауыр. Тағы Жамсыб ант етiп қылды зарын, Айдаһардың күйдiрдi бағырларын [«Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. , 105 б.].
- АҚЫҚ – әшекей үшiн пайдаланылатын, түсi ақшыл бағалы тас. Апыр-ай, Еренбақта осы патша, Ақық көз, алтын шынжыр, күміс қақпа («Нұрғазарын». Бабалар сөзі: Жүз томдық. 30 том: Хикаялық дастандар.- Астана: Фолиант, 2006.- 394 б.).
- ҚОЛ..Ағызларыңыз бір болса ұзақ иыллар уа көб күнлер бұ иұртлар қолұңыздын чықмас (Түркі шежіресі).
- Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атаулар: басалқа, бенде, зәңгі, үкірдай, сәруар,
- Діни ұғымдарға байланысты атаулар: қырық шілтен, ғайып ерен, қары, бәддұға, тамкүн.
- Жан-жануарлар, аң-құс атаулары: нұрғазарын, сауыс, сиқнұқыр, бұлдырық, нарша, үлек, оқпақ,
- Сауда-саттыққа байланысты атаулар: көкалдаш, қадақ, пұт,
- Туыстыққа байланысты атаулар: жұрағат, ұрғашы, оғұл, қыз т.б.
- Абстракциялық атаулар: мақсұт, мағлұм, алалдық т.б.
- Түр-түс атаулары: баран, бедірек, бөрте, бұла т.б.
- Үшбу – «осы, осынау» мағынасына ие
- Ораза тұт, үшбу айда оқып құран, Қараңғы керде шамың жағып тұрған («Жарапазан»); Тірлікте үшбу хатты тамам қылған, Сөз айттым ықыласпен бұрынғыдан («Мысал-аңыз үлгілері»); Абыраһа мекерлікті көңіліне алып, Білдіріп үшбу сөзді (аз һар) ызғар етті («Абыраһа мен Мұғылаб»); Өзіңе үшбу жұмыс алашақ па еді, Меккелік Құрайыштың кетасы едің («Абыраһа мен Мұғылаб»). Бу, шол, үшбу, тона Үшбу йерде барчамыз қыралы дебзар қылдылар (Әбілғазы баһадүр, Түркі шежіресі).
- Үшбу кеченің ічінде келіб меңға жауаб бер теділер (Әбілғазы баһадүр, Түркі шежіресі).
- Үшбу уақытда көрелнің падшаһлары Щибан хан нәсіліндін емеш бірақ йырық
- йер тұрұр аның растын йалғаннын тәңрі йахшы білүр (Әбілғазы баһадүр, Түркі шежіресі).
- Дүр/дүррі араб сөзі, «теңіз түбінен алынатын қымбат бағалы асыл тастың бір түрі, інжу, маржан; керемет, зор, атақты» деген мағыналарға ие. Мысалы: Қалдырған су түбінде дүрдің тасын, Түспейді көзге әр нәрсе, болса асыл («Адам екі түрлі»); Әдетің: дүр өлеңге аят жазбақ, Тымшым қып (тамасын қор ғып) біреудің ғайыбын қазбақ («Мәшһүр-Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысқаны»)
- «дүр» қосымшасы
- Шарпы
- Қарындас
- Құда
- БАСАЛҚА – ақыл (кеңес), басу сөз айтушы. Қызықты бастау үшін басалқалар, Той соңын атқа аударды тым ұзатпай («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).
- ЗӘҢГІ, ҮКІРДАЙ – шен, билік атауы. Жиылған зәңгі, үкірдай, бай-бағланға, Бір тойда Тотай кепті анталатып («Тотай сал». Бабалар сөзі).
- КЕРЕШІ – келістіруші, араға жүруші, бітістіруші
- СӘРУАР/СӘРУӘР – басшы, көсем (Мұхаммед пайғамбардың атына байланысты қолданылады), бастық, жетекші. «Мен ендi сол Сәруәрдi iздейiн», - деп,Амандасып олармен кетiп қалды(«Шаһмаран». Бабалар сөзі)
- ІЛГІДАЙ – лауазым иесі, үкірдайдың орынбасары. Мансапты: бірі үкірдай, бірі ілгідай, Әр түрлі құрметтелді тағамменен («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).
- ЖАНАП – жақын, жамағайын, туыс. Ғалым тағы сұрағын сабақтады, Тыңдап отыр халифа жанаптары («Ғалым қыз Буадат». Бабалар сөзі).
- БІР ТУМА – бір туған туыс, туысқан. Байбөрі әкесі һәм Құлтай, һәм Шыныбай деген үшеуі бір тума екен («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).
Абитжанова Ж.А.,
Ешметова Б.Б., Есбосынов Е.З,
А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты