Damumed арқылы 400 млн теңге жымқырған. МӘМС жүйесінде ұрлық анықталды

2066
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/04/0d58fefb-4850-42fa-8656-a53a0f39b3fe-960x500.jpeg?token=07abc10bfc9d7ec4f0ffa3f14864af93
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды “Адырна”.  Антикор мәліметінше, бұл іске «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқарма төрағасының орынбасары күдікті ретінде танылып отыр. Тергеу материалдарына сәйкес, 400 млн теңгеден астам қаржының ұрлануына қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Бұл қаражат бастапқыда халыққа медициналық көмек көрсету үшін бөлінген. Қаржы жымқыру «Damumed» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асқан. Шығыс Қазақстан облысы, нақтырақ айтқанда, Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілді деп жалған медициналық қызметтер енгізілген. Антикор мәліметінше, осылайша 30 мыңнан астам жалған жазба тіркелген. Бұдан бөлек, шенеунік жеке медициналық мекеменің бизнесіне заңсыз қатысып, ұрланған қаражатқа қымбат мүлік сатып алған деген күдікке ілінді. Сот шешімімен күдікті қамауға алынды. Қазір оның басқа эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Антикор соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласында 134 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін хабарлайды. Оның ішінде 57 адам сотталған. Ведомство өкілдері бұл жағдайлар халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін төмендетіп, қызметтің сапасына кері әсер етіп жатқанын атап өтті.
评论