Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған ілеспе заңдарға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бірінші құжат – «Жасанды интеллект туралы» заң. Ол жеті тарау мен 28 баптан тұрады.
Заңның мақсаты – жасанды интеллектпен (ЖИ) жұмыс істеуге арналған бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыру. Негізгі ережелерге мыналар кіреді:
ЖИ-ді қолдануды құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан реттеу;
Айқындық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда ЖИ қолдануға арналған нормалар;
ЖИ ортасының барлық қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін нақтылау;
Үкіметке осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша өкілеттіктерді кеңейту.
Екінші құжат – ілеспе заңдарға енгізілетін өзгерістер, олар мынадай салаларға қатысты:
ЖИ өнімдерін қолдану кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау;
Жеке деректердің қорғалуы;
ЖИ ұлттық платформасының жұмыс істеуіне қажетті электрондық ресурстарға қол жеткізу;
ЖИ арқылы жасалған медиаконтент арқылы манипуляция мен фейк ақпарат таратуға жол бермеу.
Аталған заң жобасына 12 түзету енгізіліп, министрліктердің, қоғам белсенділерінің және сарапшылардың қатысуымен талқылаудан өтті.
«Біріншіден, бұл заң жобасы жасанды интеллект технологиясын пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнда қолданушылардың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ олардың жеке деректері сөз болады. Сонымен қатар, жаңа технологияны қолдану барысында барлық процестердің айқын әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Екіншіден, заң жобасы осы саладағы әзірлеушілер мен инвесторлар үшін түсінікті әрі ашық “ойын ережелерін” жасайды. Бұл құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп, ЖИ технологияларына деген сенімді арттырады және инвестиция тартуға ықпал етеді» - деді депутат Екатерина Смышляева
Заң жобасы экономика салаларына ЖИ енгізу мәселесінде мемлекеттің рөлін айқындайды. Сондай-ақ ол жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қағидаттарын белгілейді.
Жоба ЖИ қолданудың негізгі этикалық қағидаларын бекітіп, авторлық құқықты қорғау тәсілдерін анықтайды.
其他材料
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз