Сенатор қазақы ит тұқымдарының күнін қарашада атап өтуді ұсынды

1037
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/02/f4cddcb1-4fac-4fef-94e7-700e57d39d7e-960x500.jpeg?token=d778950c3dbebfb8f43cc01633795798
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында қазақы ит тұқымдарының күнін қыркүйектен қарашаға ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Информбюроға сілтеп. Бұған дейін экология министрлігі аталған мерекені 3 қыркүйекте атап өтуді ұсынған еді. Алайда ұлттық кинологтар қауымдастығы бұл күннің тарихи және мәдени дәстүрлерге сәйкес келмейтінін алға тартты. “Қазақ аңшылық мәдениетінде тазы мен төбет – тек ит тұқымы ғана емес, көшпенділердің сенімді серігі, аңшылық пен дала өмірінің символы. Дәстүр бойынша, Қазақстанда аң аулау маусымы алғашқы қар түскен сәтте, яғни қараша айында – қансонарда басталады. Сондықтан Тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайластырып, қарашаның бірінші жексенбісіне белгілеуді қарастыру қажет”, – деді сенатор. Айта кетейік, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тазысы халықаралық тізімге енгізілгенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Президент Францияға сапары кезінде Эмманюэль Макронға қос тазы сыйлағанын атап өтті. “Аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біледі. Франциялықтар тазылардың ерекше қабілетіне тәнті болды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Енді қазақы ит тұқымдарының күні нақты қай айда атап өтілетіні туралы шешім Үкімет деңгейінде қарастырылуы мүмкін.
评论