2 апта 2 күнге созылған нәтижесіз жиын. COP31 конференциясы климаттық келісімсіз аяқталды

201
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iCZUf2pUsO9QTUFY4umkXQKTPoFXvtTo9PIq9ocj.jpg

Фото: The Associated Press

Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясы қатысушы елдер арасында ортақ келісімге келмей аяқталды. Еуропалық одақ пен бірқатар мемлекет қазба отындарына қатысты нақты міндеттемелердің болмауына байланысты қорытынды құжатты қабылдаудан бас тартты. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Жексенбі күні таңертең келісімнің жаңа жобасы жарияланғанымен, онда қазба отындарынан бас тарту мәселесі қарастырылмаған. Бұл конференция барысында негізгі дауға айналып, келіссөздердің ұзаққа созылуына себеп болды.

COP31 президенті әрі Түркияның экология министрі Мұрат Курум құжат бойынша ортақ шешімге келе алмағандарын мәлімдеді.

«Бұл мәтін бойынша ортақ келісім жоқ екенін түсінемін. Сондықтан аталған шешімдер қабылданған жоқ», – деді ол Антальяда өткен қорытынды отырыста.

Еуропалық одаққа төрағалық ететін Ирландияның климат және энергетика министрі Дарраг О’Брайен де ұсынылған құжатқа қарсылық білдірді. Оның айтуынша, ЕО климаттың өзгеруіне негізгі себеп болып отырған қазба отындары туралы бір ауыз сөз айтылмаған қорытынды шешімді мақұлдамайды. Министр Еуропалық одақ пен оған мүше мемлекеттер жобаны қазіргі жағдайға сай емес деп бағалағанын атап өтті.

Айта кетейік, конференцияның алғашқы жобасында қазба отындарын пайдаланудан жедел бас тарту ұсынылған болатын. Алайда бейсенбі күні жарияланған екінші нұсқадан бұл туралы барлық ескертулер алынып тасталды. Осыған байланысты Франция мен Панаманы қоса алғанда, бірқатар мемлекет жұма күні келісімде қазба отындарынан бас тартуға бағытталған «нақты өзгерістер» көрсетілуін талап етті.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келіссөздердің ортақ мәмілесіз аяқталғанына қатты көңілі қалғанын жеткізді. Ол климаттық дағдарыс жағдайында мемлекеттерден батыл шешімдер күткенін атап өтті.

«Климаттық дағдарыс талап етіп отырған міндеттердің маңызын үкімет түсініп, соған сай әрекет етеді деп күткен барша адамның терең өкінішіне ортақпын», – делінген оның мәлімдемесінде.

Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы қазба отындарына қатысты қатаң ұстанымын білдірді.

«Планетамызды жою арқылы пайда тауып отырғандар оны құтқару жолындағы күрестің шарттарын ешқашан белгілемеуі керек. Қазба отындары климаттық дағдарысты ушықтырып отыр», – деді Антониу Гутерриш.

Келіссөздерге жетекшілік еткен Австралияның климат мәселелері жөніндегі министрі Крис Боуэн де саммит қорытындысына көңілі толмайтынын айтты.

«Өкінішке қарай, қорытынды құжат бойынша келісімге келе алмадық. Бұл, әрине, көңіл көншітпейді. Өте өкінішті», – деді ол.

Нәтижесінде, COP31 БҰҰ тарихындағы ең ұзақ климаттық конференциялардың біріне айналып, жоспарланған мерзімнен екі күнге ұзаққа созылды. Алайда ұзаққа созылған келіссөздерге қарамастан, қатысушы мемлекеттер климаттық мәселелер бойынша ортақ келісімге келе алмады. Жиын 9 қарашада басталды, 20 қарашада аяқталуы күтілгенімен, тағы да екі күнге созылған.

评论
其他材料